СҚО-да биыл 189 ауылдың жолы жақсарады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл ауыларалық және ауылішілік жолдарды жөндеуге басымдық беріліп, осы мақсатқа 39,1 млрд теңге жұмсалмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін СҚО әкімдігінің кезекті отырысы онлайн түрде өтіп, онда жолдарды жөндеу мәселесі қаралды. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, 95 мыңнан астам адам тұратын 133 елді мекеннің жол сапасы жақсарды. Жалпы соңғы үш жылда өңірде осы мақсатқа 92,5 млрд теңге жұмсалған. Биыл да атқарылар жұмыс ауқымды.

«Аққайың, Есіл, Қызылжар және Тайынша аудандарында жол жөнделді. Биыл Мамлютка қаласына дейінгі жол құрылысы бітеді. Курортты аймақ – Айыртау ауданында да біраз жұмыс атқарылды. Саумалкөлдің өзінде 18 көше жөнделді. Кезекте Ақжар, Тимирязев, Уәлиханов, Жамбыл аудандары тұр. Биыл да үлкен жұмыс атқарылады. 39,1 млрд теңгеге 135 мың адамы бар 189 ауылдың 770 шақырым жолы жөнделеді. Бірақ, бұл жұмыстардың сапалы атқарылуын назарда ұстауымыз керек. Үкіметтік емес ұйымдар, ауыл тұрғындары, жол зертханасы, тағы басқалар бақылауда ұстап отырулары тиіс», - деді Құмар Ақсақалов.

СҚО әкімінің айтуынша, 74 елді мекеннің ауылішілік жолы қалпына келтіріледі. Әсіресе, ауыл тұрғындары бұл жұмыстан шет қалмауы тиіс.

«Атқарылып жатқан жұмысқа көңілі толмаса, сапасына күмән келтірілсе, арнайы зертхана мамандарын шақырту қажет. Биыл жол зертханаларына 60 млн теңге бөлдік. Өз жұмысына атүсті қарайтындардың жолын кесу қажет. Құрылысқа пайдаланатын материалдың дені жергілікті болуы шарт. Биыл 4,5 мың адам маусымдық еңбекке тартылады», - деді облыс әкімі жиын барысында.

Бірінші кезекте он жылдап жөндеу көрмеген аудан орталықтары жолдарының сапасы артады. Сондай-ақ Құмар Ақсақалов жолдың бойындағы сервистік қызмет, дәмханалардағы санитарлық жағдайды да қозғады. Облыс аумағындағы жол бойында 135 нысан болса, соның 70% ұлттық стандартқа сай келмейді. Өңір басшысы аудан әкімдеріне жағдайды түзетуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар