СҚО-да биыл 128 ауылды жөнге келтіруге 18,6 млрд теңге бөлінген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 128 ауылдың жағдайын жақсартуға 18,6 млрд теңге бөлінген, соның 1,2 млрд теңгесі М.Жұмабаев ауданындағы төрт ауылды сумен жабдықтауға бағытталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі аудандарды аралап, атқарылған жұмыстардың сапасын тексеріп жатыр. Мағжан Жұмабаев ауданында болған өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды.

«Күз - астық жинау ғана емес, жыл басында жоспарланған жөндеу науқанын қорытындылайтын кезең. Мағжан Жұмабаев ауданындағы жөндеу жұмыстарының орындалуын тексердім. Биыл облыстағы 128 ауылды жөндеуге 18,6 млрд теңге бөлінді. Мағжан Жұмабаев ауданында Полтавка, Александровка, Надежка және Октябрьское ауылдарын сумен жабдықтауға 1,2 млрд теңге бағытталды.

Ауылдарға кешенді жөндеу жүргізілді. Жақсы мысал - Советское ауылы. 2 жыл ішінде бұл ауылды жаңғыртуға шамамен 1 млрд теңге бөлінді», - деп жазды Құмар Ақсақалов.

СҚО әкімінің айтуынша, 2 жыл ішінде Советское ауылындағы сумен жабдықтау желісі толығымен қайта құрылды, 100-ден астам отбасы қазірдің өзінде үйге су тартып алды. 12 көшенің бесеуіне жаңа асфальт төселген, 100 жаңа шам орнатылды. Жергілікті мәдениет үйі жөнделіп жатыр. Ауыл тарихы маңызды, сондықтан тұрғындардың өтініші бойынша мәдениет үйінің қасбетіндегі мозаика сақталып қалмақ. ⠀

«Биыл құрғақшылық болды. Сондықтан тұрғындардың қыс мезгіліне барынша дайындалуы өте маңызды. Бұл жем-шөп дайындау, жемістер мен көкөністерді жертөлелерде сақтау. Сапар барысында дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ахметжан Қанышевтің үйінде болдым. Әйелі, қызымен бірге шаңырақ иесі шаруашылық жүргізеді, көлік сатып алды. Отбасы шөп, сабан мен жарманы өз күштерімен дайындады. Қанышевтар мал басын одан әрі көбейтуді жоспарлап отыр.

Жас кәсіпкер Арман Уатаев Жастар ауылының дамуына үлес қосып жатыр. Бизнесмен сүт фермасын салып, 20 ауыл тұрғыны жыл бойы жұмыспен қамтамасыз етіледі. Арман бидай өсірумен айналысады, сонымен қатар іскерлік серіктеспен бірге тұрғындардың үйлерін сумен қамтамасыз етуге көмек көрсетіп жүр», - деді СҚО әкімі сапарын қорытындылап.


Соңғы жаңалықтар