СҚО-да «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 1,5 мыңға жуық адам өз кәсібін бастады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бес жылдың ішінде 8 мыңға жуық солтүстікқазақстандық «Бастау Бизнес» жобасына қатысса, соның 1278-і өз кәсібін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Бастау Бизнес» жобасы іске қосылған 5 жылдың ішінде 185 мың қазақстандық кәсіпкерлік курсынан өткен. Соның 8 мыңға жуығы – солтүстікқазақстандықтар.

«Осы аралықта жұмыссыз жүрген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 7942 адамды оқыттық, олардың 1278-і кейін өздерінің бизнес жобаларын жүзеге асыру үшін жеңілдетілген несие алды. Қазіргі уақытта табысты еңбек етіп жатыр», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов.

Есіл ауданының тұрғыны Светлана Егорова курстан өткендердің бірі. «Бастау Бизнестің» арқасында ауылында көптен бергі арманы – наубайхана ашты.

«Мен кішкентайымнан тәтті пісіруге құмар болдым, түрлі торт, печенье пісіріп, туғандарымды қуантатынмын. Есейе келе наубайшы боламын деп шештім. Наубайхана біздің отбасылық бизнес. Мұнда менен басқа күйеуім, балам істейді және көмекшіміз бар. Ұлым – аспаз, ол да «Бастау» арқылы білімін жетілдірді. Енді ол өз алдына бургер орталығын ашуды армандайды. Бұл жобаның арқасында ол арманына қол жеткізетініне сенімдімін», - дейді Светлана Егорова.

Жақында кәсіпкерлер палатасының жанынан «Атамекен Қызылжар» микроқаржы ұйымы құрылды. Ол арқылы «Бастау Бизнес» жобасының түлектері өз істерін жүзеге асыру үшін жеңілдетілген несие ала алады. Қазіргі уақытта тұрғындардан жалпы сомасы 210,3 млн теңге болатын 57 өтініш түскен. Жалпы бұл ұйым 1 млрд теңгенің 238 несиесін беруді жоспарлаған.


Соңғы жаңалықтар