СҚО-да Айыртау ауданы карантинге жабылып, кіріп-шығуға тыйым салынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданы қауіпті індетті жұқтырғандардың тіркелуіне байланысты карантинге жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудандық шұғыл штабтың мәліметінше, Айыртау ауданы бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес 18 маусым сағат 00.00-ден бастап карантин шаралары күшейтіледі. Ауданның шекарасы бойынша блокпостар қойылып, ауданға кіріп-шығу шектеледі.

Коронавирус инфекциясының таралуына тоқтау салу мақсатында туристік демалыс орындарының жұмысы тоқтамақ. Көрші-қолаңға, туыстарға үй-үйді аралауға және отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Алайда көшеге еркін шығуға рұқсат етіледі, бірақ екі және одан көп адам бірге серуендегенде қашықтықты сақтап, маска кию міндеттеледі.

Мамандардың айтуынша, мерекелік, спорт, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Сондай-ақ жағдай түзелгенше компьютерлік клубтардың, балалардың сауықтыру лагерлерінің, мектеп жанындағы лагерлердің, караоке, бильярд, фитнес және жаттығу залдарының қызметі тоқтатылады.

Қоғамдық тамақтану нысандары сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін, ал сауда орындары сағат 20.00-ге дейін ғана жұмыс істемек.

Мамандар тұрғындарды қалыптасқан жағдайға түсіністікпен және жауапкершілікпен қарап, маска мен дезинфекциялау құралдарын пайдалануды сұрайды.

Жалпы СҚО-да 16 маусымдағы жағдай бойынша коронавирус инфекциясымен 125 адам тіркелген, оның 51-і емделіп шықты.

Соңғы жаңалықтар