СҚО-да ауыл мектебінің оқушысы Абайдың 110 өлеңін жатқа біледі

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мектеп оқушысы Құралай Совет Абайдың 110 өлеңін жатқа біледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құралай Совет Есіл ауданы Ақтас ауылының тумасы. Ауылдағы мектеп 9-сыныпқа дейін ғана болғандықтан қазір аудан орталығы Явленкадағы №3 орта мектепте 11-сыныпта оқып жатыр. Абай өлеңдерін жаттауға деген қызығушылығы 5-сыныпта басталған екен.

«Абайдың өлеңдерінен ең бірінші жаттағаным – «Қыс». Абай табиғатты айрықша жырлайды ғой, оның сол табиғатты қаншалықты жақсы көргенін өлеңдерінен байқайсың. «Күз», «Қыс», «Жаз», «Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңдерін оқығанда табиғаттың құбылысы көз алдыңа елестейді. Ал өлеңдерін жаттай бастауыма әпкем Алтынай себепші болды. Оның сабаққа дайындалғанын көріп, өлеңдеріне қызығушылығым туды», - дейді Құралай.

Құралай өлең оқудан түрлі байқаулардың жеңімпазы. Қазір ол ұлы ақынның 110 өлеңін жатқа біледі.

«Өлең жаттарда ең алдымен, мағынасы мен мазмұнына мән бересің ғой. Абайдың барлық өлеңдері терең мағыналы. Сол себепті шетінен алып жаттай беремін. Өлең жаттаудың адамға берері көп, сөздік қор молаяды. Түрлі байқауларға қатысуға мүмкіндік алдым, нәтижесінде достарым көбейді», - дейді бойжеткен.

Құралайдың әкесі – механизатор болып еңбек етсе, анасы үй шаруасында. Әпкесі Алтынай М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың 4-курсында оқиды. Болашақ биолог. Інісі Есболат 4-сынып оқушысы.

«Алтынайым асық ойнайды. Республикалық турнирлерге қатысып, еліміздің жарты қаласында болды. Есболат әпкесі Құралайға еліктеп, Абайдың өлеңдерін жаттап жүр. Бір жылда ақынның 25 өлеңін жаттап алды. Ал Құралайым бәрін біліп, үйренгісі келіп тұрады. Ол тоқиды, іс тігеді, тәтті-дәмдіні пісіргенді де ұнатады. Менің көмекшім», - дейді Құралайдың анасы Зәуре Бекқожина.

Құралай Совет – оқу үздігі. Қазір ҰБТ-ға әзірленіп жүр. Болашағын медицинамен байланыстырмақшы.


Соңғы жаңалықтар