СҚО-да абаттандыру ережесін бұзуға қатысты 3 мыңнан астам дерек тіркелді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл абаттандыру ережесін бұзудың 3 мыңнан астам дерегі тіркелсе, соның 27-сінде ғана айыппұл салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті полиция қызметінің бір міндеті - абаттандыру ережелерінің сақталуын бақылау. Ал іргелес аумақтарда тазалықты сақтау меншік иелерінің міндетіне кіреді. Абаттандыру ережелеріне сәйкес заңды және жеке тұлғалар барлық аумақта тазалық пен тәртіпті сақтап, жолдар, тротуарлар, көгалдар, шағын сәулет нысандары, жарықтандырудың бүлінуіне және бұзылуына жол бермеуі тиіс. Сонымен қатар, меншік иелері ғимараттардың қасбеттеріне де жауапты. Учаскелік инспекторлар тексеру кезінде бұл міндеттер туралы өңір тұрғындары мен ұйымдарды ескертеді.

Рейд барысында Петропавлда орналасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінде бірқатар тәртіп бұзушылықтар анықталды. Аумақ тазартылмаған, ғимараттың қасбеті ескірген. Бірінші жолы ескертілді, алайда қайта тексеру кезінде ешқандай кемшіліктің жойылмағаны анықталды. Жауапты тұлғаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бойынша айыппұл салынды.

«Бұл бап бойынша жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Алайда айыппұл өрескел, не қайталанған құқық бұзушылықтар кезінде ғана қолданылады. Мысалы, 8 айдың қорытындысы бойынша облыста абаттандыру ережелерін бұзудың 3213 жағдайы тіркелді, оның ішінде 27 жағдайда ғана айыппұл салынды. Қалған тәртіп бұзушыларға ескерту жасалды. Тәжірибе көрсеткендей, әдетте бұл шара жеткілікті», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.


Соңғы жаңалықтар