СҚО-да 600-ден астам шетелдік азамат уақытша тұруға рұқсат алды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында уақытша тұруға рұқсат алатын шетелдік азаматтардың басым бөлігі – ресейліктер, олар өңірге негізінен жұмыс істеу үшін келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл шетелдік азаматтардың 669-ына елде уақытша тұруға рұқсат берілсе, солардың 389-ы көші-қон қызметіне жұмыс берушілерінен еңбек келісімшарты мен қолдаухат әкелген. Бұл құжаттар жұмыс істеуге келген шетелдіктерге уақытша тұруға рұқсат алу үшін қажет.

Ресейден келген 217 азамат отбасыларымен қосылу үшін уақытша тұру рұқсатын алған. Солардың бірі – Александр Сиренко. Оның әйелі мен баласы Қазақстан азаматы, Мамлютка қаласында тұрады. Шаңырақ құрғандарына 7 жыл болған. 36 жастағы азамат мүгедектер арбасына таңылған. Сол себепті жүріп-тұруы қиын. Бұл жолы ресейлік рұқсат қағазды ешқайда бармай-ақ жедел алды.

«Көші-қон қызметіне барудың да қажеті болмады, тәртіп сақшылары құжатты әйелімнен беріп жіберді. Сол үшін алғысым шексіз. Заңдағы өзгерістерге байланысты енді сабылудың қажеті жоқ. Отбасымның қасында болу үшін қайта-қайта тіркеліп, Ресейге бармаймын», - дейді Александр Сиренко.

СҚО-ның білім беру мекемелерінде оқып жатқан 57 шетелдікке де Қазақстанда уақытша тұру рұқсаты берілді.

«11 қаңтар күні көші-қон заңнамасына өзгерістер енді. Бұдан былай оқуға, жұмыс істеуге, емделуге, отбасымен қосылуға келгендер және бизнес-иммигранттар елімізде бір жылға дейін уақытша тұруға рұқсат ала алады», - дейді СҚО ПД көші-қон басқармасы бастығының орынбасары Ермек Нүсірбаев.

Маманның айтуынша, уақытша тұру рұқсатын алмаған шетелдіктің Қазақстан Республикасында уақытша болу мерзімі мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап күнтізбелік 30 күннен аспауы керек, әр күнтізбелік 180 күннің ішінде 90 күнтізбелік күннен аспауы тиіс. Шетелдік елде 30 күннен артық тұрса, қабылдаушы жақ қонаққа уақытша тұруға рұқсат ресімдеуге міндетті.


Соңғы жаңалықтар