СҚО-да 5 мыңға жуық соғыс тұтқыны жайында мәлімет сақталған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары соғыста тұтқында болған туыстары жайында мәліметпен танысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві «Мы помним ваши имена» атты Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлеріне арналған электронды базаны құрып жатыр. Соның бір бөлімі фашистерде тұтқында болған облыс тұрғындарына арналмақ. СҚО полиция департаментінің ақпарат және байланыс басқармасының арнайы мемлекеттік архиві базаны жасауға өз үлесін қосып, 4755 адам бойынша мәлімет берді.

«2014 жылы СҚО Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті ішкі істер органдарына тарихи аса құнды үш архивтің қорын тапсырды. Оның ішінде ХХ ғасырдың 30-50 жылдары қудалауға ұшыраған азаматтардың және ақтауға жатпайтындардың қылмыстық істері, соғыс тұтқындары мен Германиядан елге қайта оралған адамдардың фильтрациялық істері бар. Біз бұл қорларды цифрландырып, жіктеп, топтадық. Бұл құжаттарға тарихшылар, өлкетанушылар, ұстаздар мен оқушылар қызығушылық танытып, ғылыми зерттеулер жүргізді. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Мы помним ваши имена» жобасына қатысып, үлес қосқанымызға қуаныштымыз», - дейді СҚО ПД арнайы мемлекеттік архив тобының бас маманы Эльмира Валиулина.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ақталғандар және тұтқыннан аман оралғандар туралы ақпаратты ҚР ІІМ сайтындағы «Мемориал» және «ҰОС әскери тұтқындары» бөлімшелерінен алуға болады. Сондай-ақ туыстықты райтайтын құжат болған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталығы мәлімет береді немесе «Азаматтарға арналған Үкімет» мемкорпорациясы арқылы полиция департаментінің архивінен анықтама алуға мүмкіндік бар. Ол құжатта заңсыз қудаланған немесе тұтқыннан оралған азамат жайында барлық қолжетімді мәлімет көрсетіледі.

Былтыр арнайы архивтің мамандары 500-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның 22-сі қудалауға ұшыраған туыстары жайында архивтік анықтама алса, тағы 8 адам соғыс тұтқынында болған туыстары жайында мәліметпен танысқан.


Соңғы жаңалықтар