СҚО-да 37 білім ордасы сенімгерлік басқаруға берілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 670,4 млн теңге инвестиция құю арқылы 37 білім ордасы сенімгерлік басқаруға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО білім басқарамасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 2019 жылдан бері мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 37 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде білім ордаларына 670,4 млн теңге инвестиция құйылды. Соның ішінде сенімгерлік басқаруға берілген үлкен нысандардың бірі – Петерфельд орта мектебі. Білім беру мекемесі жобаға былтыр қосылды. Нәтижесінде мектепке конкурстан бөлек 249,5 млн теңге инвестиция құйылып, материалдық-техникалық базасын, күрделі жөндеуге 300 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Наурызда Бескөл орта мектебі-гимназиясы да сенімгерлік басқаруға берілді. Жоба құны 300 млн теңге, білім ордасы 10 жылдың ішінде жөнге келтірілуі қажет.

Мектеп ғимараты 1967 жылы салынған. Былтыр 900-ге жуық оқушысы болды.

«Орта және кәсіби білім беретін аралас оқу орны болып қайта құрылады. Инвестиция тартудан бөлек мемлекет заманауи жаңғыртылған білім ордасын алады. Білім беру бағдарламасына жаңа технологияларды енгізу, оқу кабинеттерін заманауи зертханалық кешендермен жабдықтау және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру көзделген. Сондай-ақ қосымша 10 жұмыс орнын ашу жоспарланған», - дейді СҚО білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында Петропавлдағы Копай ауданында құны 4,5 млрд теңге болатын 1200 балаға шақталған мектептің құрылысы жоспарланған. Қазіргі уақытта конкурстық құжаттары әзірленіп, дайындық жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ жеке инвесторлардан тағы 5 мектепті сенімгерлік басқаруға алуға өтініш түсті, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Бұған дейін СҚО-да мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 42 жобаның жүзеге асқанын айтқан едік.



Соңғы жаңалықтар