СҚО-да 29 нысан Ashyq жобасына қатысып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Ashyq жобасының QR коды 29 нысанға берілді. Олардың 13-і тестілеу кезеңінен өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өңірде Ashyq жобасына фитнес клубтар, бассейндер, сауналар, мәдениет және қоғамдық тамақтану нысандары, компьютер және бильярд клубтары қатысып жатыр.

Ashyq жобасына қатысу бірқатар артықшылық береді. Ең бастысы - клиенттердің қауіпсіздігі және карантин шектеуі жағдайында жұмыс істеуге мүмкіндіктің болуы. Егер өңір «қызыл аймақта» болса, жобаға қатысушыға «сары аймаққа» сәйкес шектеу критерийлері, ал «сары аймақ» болса, «жасыл аймаққа» тән шектеу қолданылады», - дейді СҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Қанат Шамсутдинов.

Жобаға қатысты барлық ақпаратты жергілікті кәсіпкерлер палатасынан алуға болады. Оның қызметкерлері тестілеу кезеңінде барлық қатысушыларды ертіп жүреді.

Ashyq жобасына қатысуға өтінімдер барлық жаңа қатысушылар үшін InfoKazakhstan.kz сайты арқылы беріледі. Өтінім беруден бастап тізімді әкімдік сайтында орналастыруға дейінгі барлық процесс 9 күнтізбелік күннен аспауы тиіс», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.

Бүгінгі күні Ashyq жобасына Петропавлда 29 кәсіпорын қосылған. Соның 13-і тестілеу кезеңінен өтіп жатыр.

Мұнымен қоса жергілікті атқарушы орган бизнес субъектісін бағдарламадан шығарып тастауға құқылы. Егер нысан келушілердің қосымшада тіркелуін 3 күн бойы бақыламаса, тексеруге мобильді топ шығады. Оның қорытындысына сай жобаға қатысушы жұмыс алгоритімін бұзған жағдайда қосымшамен 2 аптадай жұмыс істей алмайды.


Соңғы жаңалықтар