СҚО-да 18 ақын үздік атану үшін айтысуда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған «Қызырлы Қызылжар – құт бесік» атты облыстық ақындар айтысы өтіп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев аймақта облыстық ақындар айтысы бірнеше жыл өткізілмегенін атап өтті. Ақындар үшін мұндай шараның маңызы зор.

«Бұл аймақ пен мәдениет саласы үшін үлкен шара болып отыр. Айтыс – қазақ халқының энциклопедиясы, жас ақындардың қабілетін дамытатын, оларды тәрбиелеп, рухани нәр сыйлайтын мектеп. Солтүстік Қазақстанда айтысқа үлкен мән беруде. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы бойынша мәдениетті дамыту жоспары әзірленді, онда ұлттық өнер негізгі міндеттер қатарында тұр. Облыстық, республикалық және халықаралық айтыстар өткіземіз», - деп атап өтті Р.Әлішев.

Айтысқа 18 ақын қатысады. Оның екеуі – қыздар. Қатысушылардың жас мөлшері – 15-тен 60 жасқа дейін.

«Кейбір аудандардан 2-3 ақыннан қатысады. Айтыс 5-6 сағатқа созылады. Жеребе тасталды. Бас жүлде иегері 300 мың теңге алса, бірінші орынға – 200 мың теңге, екінші орынға – 150 мың теңге, ал үшінші орынға – 100 мың теңге тігілген», - деді қазақ тілі бөлімінің әдіскері, «ҚР мәдениет саласының үздігі» құрметті белгісінің иегері Таңат Бейсенбаев.

Қазылар алқасының қатарында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай, аталған университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректор міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жанар Таласпаева, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат және басқалары бар.

Соңғы жаңалықтар