СҚО-да 134 мың зейнеткердің 18 пайызы ғана коронавирус екпесін алған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустан қайтыс болғандардың 65 пайызы – егде жастағылар. Осыған байланысты медицина қызметкерлері зейнеткерлерді екпе алуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісовтың айтуынша, өңірде эпидемиологиялық жағдай күрделі. Өткен тәулікте жаңадан 159 адам коронавирус жұқтырған.

«СҚО-да инфекциялық стационарларда 1600 орын және 115 адамға арналған жансақтау орындары бар. Қазіргі уақытта 783 адам ем алып жатыр, инфекциялық стационарлар 49 %-ға толған. 51 сырқат жансақтау бөлімдерінде жатыр, ол 44 %-ға жүктелген. Бұдан басқа 2320 науқас дәрігерлердің бақылауына алынып, амбулаторлық ем алып жатыр», - дейді Құмар Күсемісов.

Дәрігердің айтуынша, «Дельта» штамының таралуына байланысты коронавирусты жұқтырғандарда ауру ауыр өтіп жатыр.

«Стационарлық ем алып жатқандардың басым бөлігі – жасы 60-тан асқандар. Яғни 65%-ы егде жастағылар. Олардың, әдетте, бірнеше ілеспе созылмалы аурулары бар. Сондықтан қатер тобына кіреді. Коронавирустан ауырып қайтыс болған 268 адамның 78 %-ы – 60 жастан асқандар. Бұл - 209 адам.

Жастарына байланысты олардың денсаулықтары нашар, иммунитеттері әлсіреген. Сол себепті қарттарымызды, зейнеткерлерді, тіпті, диспансерлік есепте тұрғандарды да, әсіресе созылмалы аурулары барларды екпе алуға шақырамын. Созылмалы аурулар вакцина қойғызуға қарсы көрестілім емес. Олар ремиссия уақытында, жағдайлары жақсарғанда екпе алуларына болады», - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Құмар Күсемісовтың айтуынша, стационарларда жатқан науқастардың 99%-ы вакцинация курсынан өтпегендер. Олардың жағдайы ауыр. Өздігінен дем ала алмайтындар.

«СҚО-да 134 мың зейнеткер болса, соның бүгінгі таңда тек 18 %-ы ғана екпе алған. Бұл – 24 мың адам. Ал 110 мың адам әлі күнге дейін вакцинациядан өтпей, бастарын қауіп-қатерге тігіп отыр. Коронавирусты жұқтырған жағдайда осы қатер тобына жататындарда ауру ауыр өтеді, асқынып, соңы өлімге апаруы мүмкін», - дейді дәрігер.

Бұған дейін СҚО-да ардагерлер кеңесі халықты вакцина алуға шақырып, үндеу жариялаған еді.


Соңғы жаңалықтар