СҚО-да 12 мың гектар бос жатқан жер сот арқылы қайтарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бос жатқан ауыл шаруашылық жерлерін қайтару мақсатында былтыр 278 мың га астам аумақ тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық жер инспекциясы басқармасының мәліметінше, былтыр өңірде 233 тексеру жүргізілген. Оның 173-і өтініш бойынша, қалғаны бақылау мақсатында өткізілді. Мамандар 107,8 мың га егіс алқабын, 170,2 мың га жайылымдық жерді тексерді. Нәтижесінде жүзден астам заң бұзушылық анықталды. 19,7 мың га жердің, соның ішінде 3,2 мың га алқаптың және 16,4 мың га жайылымдық жердің бос жатқаны белгілі болды.

Тексерістің қорытындысы бойынша олқылықты жоюға 101 ұйғарым берілді, оның 6-уы бақылау тексерістерінің нәтижесі бойынша екінші рет табысталды. Бұдан басқа жалпы сомасы 2,1 млн теңге болатын 17 айыппұл салынып, өндіріліп алынды.

Жер инспекциясының араласуынан кейін 15,9 мың га егістік алқап, 56,3 мың га жайылымдық жер мақсатты түрде қолданылатын болды. Ауылшаруашылық құрылымдары 104 жылқы, 1 699 ірі қара мал және 164 қой-ешкі сатып алып, мал өсіруді қолға алды.

Жалға берілген 12,1 мың га жер бойынша келісімшарттар бұзылды.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы билік органдарының тексерісінен кейін 5,7 мың га жерді қайтарып алу бойынша сотқа 3 іс жіберілді.

СҚО жер инспекциясы басқармасы 200 мың га алқапты, соның ішінде 103 мың га егістік жер, 93,1 мың га жайылымды мәжбүрлі түрде қайтарып алу үшін сотқа 16 талап арыз жіберді. Нәтижесінде 12 мың га қайтарылса, қазір 185 мың га қатысты 3 іс соттың қарауында жатыр.

Мамандардың айтуынша, 2020 жылы жерді алып алып, пайдаланбағандарға салынатын жер салығы 10 есе өсті. Нәтижесінде бюджетке 48,6 млн теңге түсті. Ал ұйғарымдарды орындамағандарға сот жалпы сомасы 5 млн теңге болатын 30 айыппұл салды.

Еске сала кетсек, 26 қаңтар күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында пайдаланылмай бос жатқан ауыл шаруашылық, соның ішінде жайылым мәселесіне арнайы тоқталды. Бұл жерлерді жыл соңына дейін қайтаруға Үкіметке және Бас прокуратураға тапсырма берді.





Соңғы жаңалықтар