СҚО-да «100 жаңа есім» жобасына 140 адам қатысып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – «100 жаңа есім» жобасына Солтүстік Қазақстан облысынан белгілі бір жетістікке жеткен 139 адам қатысуға өтінім берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО ішкі саясат басқармасының мәліметінше, «100 жаңа есім» жобасы республикалық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді.

Оған Тәуелсіздік жылдары белгілі бір жетістікке жеткен, басқаларға үлгі боларлық тұлғалар қатыса алады. Жас, ұлт бойынша және жыныстық шектеу жоқ.

«Биыл «100 жаңа есім» жобасы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Қатысушылардың еңбегін халық бағалап, дауыс береді. Жобаға қатысуға өтінім 22 ақпаннан бастап бір ай қабылданды. Енді 12 сәуірге дейін 100janaesim.ruh.kz сайтында дауыс беруге болады», - дейді СҚО ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жангүл Жолмұқанова.

СҚО-дан 2019 жылы тек 46 адам ғана өтінім берсе, биыл 139 қатысушы бар.

Олар 7 номинация: медицина, білім, ғылым және инновация, экология, мәдениет, спорт, бизнес және қоғам бойынша қатысып жатыр.

Мысалы, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясынан 10 үміткер бар.

Оның ішінде «Тең жол» әлеуметтік стартап-жобаның авторы Сәлімхан Сәбитов бар.

30 жастағы жігіт Қазақстанда бірінші болып тірек-қимыл аппараты зақымданған жандарға арнап автомектеп ашты.

Мамандардың айтуынша, 2017 жылы СҚО-дан 330 адам «100 жаңа есім» жобасына қатысты.

Оның 8-і - Геннадий Зенченко, Кульбарам Баязитова, Татьяна Кучер, Андрей Кухарук, Рашбиль Евдаев, Алмас Бейсенов, Виталий Диденко, Гарик Бернецян көп дауыс жинап жеңімпаз атанды.

2018 жылы 67 адам қатысса, финалға жеткендер болмады. Ал 2019 жылы Т. Зверяченко 19 мыңға жуық дауыс жинап, жеңіске жетті.


Соңғы жаңалықтар