СҚО-да 100 литрден астам заңсыз алкоголь саудадан алынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғыны спирт ішімдікті жасырын сатып келген. Полицейлер 100 литрден астам лицензияланбаған құрамында спирті бар өнімді тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда ауыл тұрғынының бірі алкогольді жасырын сатып келген. Криминалдық полиция қызметкерлері және 5 ауылдық округке қызмет көрсететін Чистополье ауылдық поселкелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторларының бірлескен рейд өткізді. Лицензиясы жоқ спирт өнімін сатқан ауыл тұрғыны осы тексеріс барысында анықталды.

Тәртіп сақшылары «Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру» бабы бойынша материал жинады. Көлемі 0,5 литрден 5 литрге дейін 100-ден астам пластик бөтелке тәркіленді. Сараптама тағайындалды, нәтижелері бойынша материалдар сотқа жолданады.

«Бұл жыл басынан ауданда тәркіленген ең ірі көлемдегі заңсыз алкоголь. Ауыл тұрғынының сөзіне қарағанда, ол спиртті сату үшін Көкшетау қаласынан жеткізіп отырған. Тиісті жағдайда сақталмайтын, лицензиясы жоқ спирт ішімдік адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Жыл басынан ауданда алкогольді заңсыз сатудың 9 фактісі анықталды», - дейді Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Әлжанов.


Соңғы жаңалықтар