СҚО-да 1,5 млн теңге пара алған көліктік бақылау инспекциясының бас маманы 3 жылға сотталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бірнеше рет Ресей азаматынан пара алған СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы 3 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қылмыстық іс жөнінде бүгін СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жетекшісі Ернар Баянғазин хабардар етті.

«Сотқа дейінгі тергеу барысында СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Жасұлан Мұқановтың бірнеше рет пара алғаны анықталды. Инспекцияның қызметкерлері 2020 жылдың наурыз айында СҚО аумағына заңсыз түрде бұрғылау қондырғысын өткізбек болған Ресей азаматын анықтайды. Мұқанов шетелдіктің қондырғыны өңірге коммерциялық мақсатта кіргізгенін және тағы бірнеше рет әкелетінін біліп, оны өз пайдасына шешпек болған», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент жетекшісі Ернар Баянғазин.

Оның айтуынша, Мұқанов 2020 жылдың 19 наурызы күні РФ азаматына өзін СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының қызметкерімін деп таныстырып, кәсіпкерге бұрғылау қондырғысын облыс аумағында кедергісіз тасымалдау және әрі қарай жалпы қамқорлық көрсету үшін ай сайын 1 млн теңге сыйақы беріп тұруды ұсынған.

«Ісі әшкере болмауы үшін және қылмыстық жауапкершіліктен қашқан Мұқанов өз танысына істің мәнісін айтпай, интернет телефония арқылы РФ азаматына басқа бір адамдардың атына рәсімделген банк карточкаларының реквизиттерін жіберуді өтінеді. Кейін сол адамдар арқылы параны алып отыруды жоспарлайды.

Осылайша талап етілген параның белгілі бір сомасын үшінші адамдар арқылы алған Мұқанов қорқуды қойып, қалған соманы – 1 млн теңгені кәсіпкерден өзі алмақ болады», - дейді Ернар Баянғазин.

2020 жылдың 28 мамырында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жедел іс-шаралардың барысында Жасұлан Мұқановты пара алып жатқан жерінен ұстады.

Осылайша СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Ж.Мұқанов 2020 жылдың сәуір мен мамыр аралығында өзі және басқа біреулердің банк карточкаларына аудару арқылы 1,5 млн теңге пара алған.

Петропавл қалалық соты 2020 жылдың 26 қарашасы күні Мұқановқа қатысты үкім шығарып, оны 3 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол енді өмір бойына мемлекеттік лауазымды қызметтерге орналаса алмайды. 2021 жылдың 20 қаңтарында сот үкімі заңды күшіне енді.

«Сот қарауында Мұқановтың тікелей басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жатыр. Оған да сыбайлас жемқорлық қылмысқа барды деген айып тағылған», - дейді Ернар Баянғазин.


Соңғы жаңалықтар