СҚО: Айыртау ауданында «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесі ашылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесі ашылып, «Smart Aıyrtaý» қосымшасы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің хабарлауынша, «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесі әкімдік жұмысын ашық, көрсетілетін қызметтерді халыққа қолжетімді етпек. Бұдан басқа электронды көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесі артты.

Айыртау ауданының тұрғындары жаңашылдықты бағалап та үлгерді. Фронт-кеңсенің ашылып, «Smart Aıyrtaý» қосымшасының пайдалануға берілуі әкімшілік кедергілерді анағұрлым азайтқан. Халық қажетті құжатты еш қиындықсыз, аз уақыттың ішінде, бір жерден ала алады.

«Мұндай кеңселер халықпен іс-әрекет етудің жаңа және тиімді түрі. Сыбайлас жемқорлық деңгейін азайтуда да септігі зор. Осылайша біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырып жатырмыз», - деді «Ашық әкімдік» фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына қатысқан СҚО әкімінің орынбасары Руслан Әлішев.

Бұл жерде тұрғындар жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім беру салалары бойынша қызметтер алады. Барлығы 47 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетілмек.

«Сыбайлас жемқорлықпен күресті жетілдіруде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Фронт-кеңселерді аша отырып, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз етеміз. Нәтижесінде халыққа сапалы қызмет көрсетіледі», - деді фронт-кеңсенің жұмысымен танысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.


Соңғы жаңалықтар