Сирияда 5 миллион бала босқынға айналды - БҰҰ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сирияда сегіз жарым жыл бойы жүріп жатқан соғыс салдарынан 5 миллион бала босқынға айналды. Бұл туралы БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі құрған Сирия жөніндегі Тәуелсіз халықаралық комиссияның баяндамасында айтылды.

«Шиеленіске қатысып жатқан тараптардың барлығы соғыс жүргізу ережелерін және Бала құқықтары туралы конвенцияны мүлдем елемей жатқанына ызалымын. Балаларды қорғау бойынша жауапкершілік ең алдымен, Сирия Араб Республикасы үкіметінің мойнында. Алайда, бұл қақтығыстың өзге барлық қатысушылары балаларды қорғауға және елдің болашақ ұрпағын сақтауға міндетті», - деп мәлімдеді Комиссия төрағасы Паулу Пиньейру.

Баяндамада айтылғандай, үкіметшіл күштер бірнеше рет оқ-дәрілерді, термобариялық бомбаларды және химиялық қаруларды қолданып, салдарынан ондаған бала қаза тапты. Ересектерді де, балаларды да зорлау қалыпты іске айналды. Бұл ретте, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық адамдардың кемсіту, жазалау және бойларына қорқыныш ұялату үшін қасақана қолданылуда. Үкіметтік күштер жасөспірімдерді - тіпті 12 жасар балаларды да тұтқындап, ұрып-соғып, азаптап жатыр.

«Ал Хайят Тахрир аш-Шам» мен ДАИШ (Қазақстанда және өзге елдерде тыйым салынған ұйым) лаңкестері балалар мен жасөспірімдерді алдыңғы шепте шығаруға пайдаланады. Оларды дарға асуға қатыстырып, кейде баскесер болуға мәжбүрлеп жатыр. ДАИШ содырлары қыздарды, тіпті тоғыз жасар бүлдіршіндерді де «сексуалдық құлдыққа» салуда.

Баяндама авторлары, сондай-ақ екі миллионнан астам сириялық баланың оқуға мүмкіндігі жоқтығына алаңдаулы. Шиеленіс басталған сәттен мыңдаған мектеп ғимараты қирады.

Бес миллион кәмелеттік жасқа толмаған сириялық баспанасынан айырылды. Баяндама авторлары үкіметті оларды қорғауға шақырып, туыстары ДАИШ-пен байланысқан балаларды отанына қайтаруға міндеттеуді еске салды.

«Олар балаларымның арманын талқандады» атты баяндама бес мың бала мен оның туыстарымен, куәгерлермен, дәрігерлермен, заңгерлермен және қарапайым тұрғындармен әңгімелесу негізінде жасалған. Жиналған материалдар 2011 жылдан 2019 жылдың қазанына дейінгі аралықты қамтиды.





Соңғы жаңалықтар