Сингапур COVID-19-бен қалай күресті – шетелдік сарапшы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Халықтың денсаулығын сақтауда алғашқы медициналық санитарлық көмек негізгі рөл ойнайды. Адамдар алғашқы көмекті ауруханаға жатпас бұрын осы жерден алады.

COVID-19-бен күресте Сингапур басымдықты осы алғашқы медициналық санитарлық көмекті дамытуға салып отыр.

Бұл ойымен Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық университетінің ұжымымен онлайн сұхбаттасу барысында Сингапур Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің деканы, профессор Тео Ик Ин бөлісті.

«Біз 2003 жылы SARS эпидемиясы кезінде ауыр соққы алдық. Әлем бойынша сонда SARS-тан Сингапур ең қатты зардап шекті. 238 адам жұқтырып, 33 адам көз жұмды. Сол кезде-ақ біз денсаулық сақтау саласында өзгеріс керек екенін түсіндік», - деді маман.

Сингапур мамандары 2020 жылы қаңтарда коронавирус адамнан адамға жұқпайды деп ойлаған.

«9 ай өткен соң адамнан адамға жұғатыны, адамдар симптомсыз тасымалдайтыны анықталды. Сондықтан денсаулық сақтау саясаты эволюциямен дамып отыруы керек. Кез келген вирусты ауыздықтаймын деген мемлекет үшін әлеуметтік қашықтықты сақтау, маска тағу өте өзекті мәселе болып отыр. Жақында ғана, 5 апта бұрын біз Гонконгтан жаңа мәлімет алдық. Коронавируспен бір рет ауырған адам қайтадан жұқтырған. Сондықтан, ұжымдық иммунитет деген стратегияның қазір мүлде пайдасы жоқ. Қазіргі мәселе вакцина болып отыр», - деді ол.

Маманның айтуынша, жылдың басында Сингапурдың саясатын коронавируспен күресуде алтын стандарт деп атағаны рас.

Алайда 2 айдан соң мәселе ушыға бастады.

«Ахуал кез келген уақытта қиындауы мүмкін. Адам өлімі статистикасы әп сәтте өзгеруі мүмкін. 0-ден 100-ге жетіп, локдаун туралы шешім қабылдануы арасында көп уақыт керек емес. Соңғы екі айда бізде адам өлімі 5-тен аз болып тұрған. Кейде мүлде адам өлімі тіркелмейтін күндер болады. Көпшілігі жатақханаларда тұратын шетелден келген мигранттар арасында өршіп жатыр. Вирус көбінесе сырттан келгендерден жұғып жатыр. Қаңтарда ҚХР елінен келген адамдардан таралса, кейінірек АҚШ пен Еуропадан Сингапур азаматтары қайта орала бастады. Біз үшін ең басты мәселе – шекараны басқару», - деді профессор Тео Ик Ин.

Пандемия басталған кезде Сингапур саясаткерлері дұрыс болжам жасау үшін ғалымдар, эпидемиологтар, инфекциялық модельдеу мамандарынан кеңес алып отырды.

«SARS эпидемиясы болған 2003 жылдан бері біздің мамандар барлық кризистік ахуалдарға үйренген. Денсаулық сақтау ұйымдары төтенше жағдай режиміне тез ауыса алады. Оның барлығы тәжірибеден өткен. Сингапурда қазір 56 мың адам коронавирус жұқтырған.

Оның ішінде 28 адам қайтыс болған. Дәрігерлердің арасында 10 адам ғана жұқтырған. Бұл алғашқы медициналық санитарлық көмек буынының дайындығын көрсетсе керек», - деді профессор.

Бұған дейін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті өткізген онлайн конференция барысында Жаңа Зеландияның Веллингтон қаласындағы Отаго университетінің профессоры Майкл Бейкер COVID-19-бен күресте бірінші медициналық-санитарлық көмек жүйесі қалай ұйымдастырылғанын мәлім еткен болатын.

Сонымен қатар, АҚШ-тағы Денсаулықты бағалау және көрсеткіштер институтының директоры Кристофер Мюррей COVID-19 бойынша Қазақстанға қатысты болжамын айтқан еді.

Одан кейін Жапон маманы Норио Омагари алғашқылардың бірі болып Жапонияға тоқтаған Diamond Princess круиз лайнерінің жолаушысын қалай құтқарғандарын айтты.



Соңғы жаңалықтар