СІМ өкілі тәліптермен дипломатиялық байланыс орнату мүмкіндігі туралы пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Талибанмен арадағы дипломатиялық байланыс туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Талибанды біз мойындаған жоқпыз. Кеше Сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы ахуалға байланысты ресми мәлімдеме жасағанын білесіздер. Отандық ақпарат құралдарында ол жарияланды. Біз бұл елдегі ахуалды мұқият бақылап отырмыз. БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің инклюзвиті және презентативті үкімет құру, аз ұлттар мен әйелдердің құқын құрметтеу, басқа мемлекеттерге қауіп төндіретін топтардың болуына жол бермеу, халықаралық заңнаманы сақтау туралы мәлімдемесін қолдаймыз. Бұл ережелерді орындау Ауғанстанның жаңа үкіметімен жасалатын келіссөздердің бастауы болуы керек», - деген министрдің орынбасары көп жылдық тәжірибе ауғанстандықтарда бейбіт процес жүргізудің басқа баламасы жоқ екенін көрсеткенін атады.

«Бұл процеске балама жоқ. Ел азаматтарына елдің мемлекеттік-қоғамдық құрылымын әлеуметтік-саяси ахуалға қарай өз бетімен таңдау керек болып тұр. Қандай да бір елдер Талибанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты деу асығыс. Қазір бәрі Талибанның әрекеттері өздері жасаған мәлімдемеге қаншалықты сай болады және бұл тараптың келіссөзге қаншалықты икемді екенін бақылап отыр. Талибан қазір Кабулда. Бұл бүгінгі күннің шындығы. Бізге осы шындықпен жұмыс істеп, бұл елмен әрі қарай әріптестік жүргізуіміз керек. Байланыс дегенге келсек, нақты деңгейде байланысымыз болған жоқ», - деді Ақан Рахметуллин.

Сондай-ақ, ол Кабулдағы Қазақстан елшілігінің қазіргі ахуалына тоқталды.

«Елшіліктің ақпараты бойынша, талибандықтар Кабулға кірген кезде бір бөлігі біздің елшілік орналасқан аумақты басып алған. Бұл кезде полиция Кабулды тастап шыққан болатын. Біздің елші сыртқа шығып, талибан өкілдерімен сөйлескен. Олар елшіден кім екенін сұраған. Ол бұл мекеме Қазақстан Елшілігі екенін айтқан.

«Ештеңеден қорықпаңыздар. Бұрын қалай жұмыс істесеңіздер, солай жұмыс істей беріңіздер. Сіздер біздің күзетіміздесіздер», - деген екен. Содан бері біздің елшілік солардың күзетінде. Әзірге байланыс осындай деңгейде ғана», - деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар