​​СІМ: Қорғаныс министрлігінің ұшағымен 35 қандас Ауғанстаннан Қазақстанға оралды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бүгін Ауғанстаннан 35 қандастың тарихи отанына оралуы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы ұшағы Кабулдан Алматы қаласының әуежайына 41 жолаушымен ұшып келді, олардың ішінде Қазақстанның 4 азаматы, Қырғызстанның 1 азаматы және Қазақстанда тұрақты тұратын 1 ауған бар. Келген жолаушылар карантиннен өту үшін уақытша оқшауланады. Эвакуациялық рейсті ұйымдастыру «Талибан» қозғалысымен үйлестіріліп жүзеге асырылды. Қазақстанның Кабулдағы Елшілігі қалыпты режимде жұмыс істейді және Ауғанстанда тұратын қандастармен тұрақты байланыста», делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, қазір өтініш берушілердің этникалық сәйкестігін растау және қандастарды қайтару жұмысы жалғасып жатыр.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамотасын тапсыру рәсімінде Ауғанстандағы қазақ диаспорасын елге қайтару мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеген еді.

18 тамызда Қазақстан Ауғанстаннан өзінің 25 азаматын және Қырғызстан, Ресей мен Литваның 16 азаматын эвакуациялады. Бұдан басқа, Алматыға Кабулдан Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясы (UNAMA) және басқа да халықаралық ұйымдардың кеңселері уақытша көшірілді.


Соңғы жаңалықтар