СІМ басшысы Қайрат Әбдірахмановтың ЕҚЫҰ Жоғарғы комиссары лауазымына сайлануына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қайрат Әбдірахмановтың Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Жоғарғы комиссары лауазымына сайлануына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«3-4 желтоқсан күндері онлайн форматта Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Сыртқы істер министрлерінің 27-ші отырысы болып өтті. Ол жиында ұйымға қатысушы елдер оның мандатына қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жыл ЕҚЫҰ үшін оңай болған жоқ. Себебі кейінгі жылдары бұл ұйым басшысыз жұмыс істеп келді. Атап айтқанда шілдеде төрт басшының бәрі бірдей өз мандаттарынан айырылған болатын. Біз бұл кезеңге институционалдық дағдарыс ретінде қарадық. Бүгін бұл мәселе шешімін тауып, консенсус орнап, жаңа басшылар сайланды», - деді Мұхтар Тілеуберді СІМ-нің баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша бұл тарихи оқиға, өйткені Венадан бастап Шығысқа қарай, яғни ТМД мен Орталық Азиядағы елдердің ішінен бұл ұйымның басшылығына ешкім бармаған.

«Бұл тұрғыда Қазақстан ұлттық азшылықтар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар лауазымына тәжірибелі қазақстандық дипломат, біздің елдің Швеция мен Даниядағы елшісі Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахмановты ұсыну туралы шешім қабылдады. Қайрат Әбдірахмановтың ұсынылуын ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер жылы қабылдады. Осылайша Қазақстан біздің кандидатура бойынша үлкен қолдауға ие болды», - деп атап өтті министр.

Мұхтар Тілеуберді қазақстандық үміткердің бұл орынға келуін Қазақстанның әлемдегі және ұйымның өз ішіндегі абыройымен байланыстырады.

«Қазақстанның өзі де бір уақытта аталмыш ұйымға төрағалық етіп, біздің елдің астанасында саммит өткізген болатын», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар