Сібір театры Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетпек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Д.Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театры «Астана Опера» сахнасында қойылым қоймақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

29 қараша күні Үлкен зал сахнасында шығармашылық ұжым А.Бородиннің «Князь Игорь» операсын сахналайды. 1 желтоқсанда елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына атақты хореограф Ю.Григоровичтің қойылымындағы А.Глазуновтың «Раймонда» балеті ұсынылады.

Еске салар болсақ, жақында ғана «Астана Опера» ұжымы Д.Хворостовский атындағы бірінші халықаралық фестивальде зор жетістікпен өнер көрсетті. 23 және 25 қазан күндері Красноярск опера және балет театрында қазақстандық әртістер П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсын ұсынса, 24 қазанда өлкелік филармония сахнасында көрерменге ұлттық және батыс еуропалық классика туындыларынан симфониялық бағдарламаны тарту етті.

Өз кезегінде, гастрольшілер елордалық тыңдарманға А.Бородиннің «Князь Игорь» монументалдық классикалық операсын ұсынбақ, бұл – Красноярск опера және балет театры үшін айрықша спектакль. Дәл осы операның премьерасымен бірінші театр маусымы ашылып, өнер ордасының тарихы басталған еді. Көптеген жылдардан соң да туынды тыңдарман арасында танымалдылығын жоғалтқан жоқ әрі осынау ресейлік өнер алаңының бетке ұстар өзіндік қойылымына айналды.

Красноярск қойылымындағы «Князь Игорь» операсы – көріністі, ауқымды спектакль, онда әртістердің орасан зор саны өнер көрсетеді. Опера түрлі жарқын хор көріністері мен балеттік нөмірлерге бай, олардың ішіндегі ең танымалдары – «Қыпшақ билері» мен хордың орындауындағы қыпшақ тұтқын әйелдерінің «Улетай на крыльях ветра» әні.

Операның тағдыры бұралаң. А.Бородин оған 18 жыл жұмсап, ақыры аяқтай алмады. Ол қайтыс болғаннан кейін композитор Александр Глазунов өз ұстазының жұмысын соңына жеткізді. «Игорь полкы туралы сөз» шығармасына негізделген Александр Бородиннің (Владимир Стасовтың қатысуымен) либреттосы Юлиана Малхасянцтың редакциясында жазылған. Музыкалық жетекшісі әрі дирижері – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Анатолий Чепурной, қоюшы режиссер – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Юлиана Малхасянц. Қоюшы суретші – Дмитрий Чербаджи, хормейстер – Дмитрий Ходош, «Қыпшақ билерінің» хореографиясы – Касьян Голейзовский, дирижерлер – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Александр Косинский, Александр Юдасин, Алексей Никонов (Италия).

Балетқұмар жандар үшін ресейлік ұжым А.Глазуновтың «Раймонда» романтикалық балетіне баруды ұсынады, оның сюжеті жорықтан сүйіктісін күткен қыз туралы рыцарлық аңызға негізделген. Ең көріністі әрі орындалуы жағынан күрделі қойылымдардың бірінде хореограф классикалық би қимылдары арқылы испан-араб және венгр сарындарын балет туындысында шебер жандандыра отырып, классикалық би қозғалыстарымен орта ғасырлық кезеңді суреттейді.

Спектакльде бір күнде екі ұсыныс алған жас қыздың оқиғасы баяндалады – венгрлік рыцарьдің ұлы Жан де Бриен мен сарацин шейхы Абдерахман бойжеткенге сөз айтады. Ол ұзақ жорыққа аттанып бара жатқан Жан де Бриенді таңдайды. Түнде Раймонда ертегі бағында сүйіктісімен жүргені туралы түс көреді. Кенеттен Жан де Бриеннің бейнесі жоғалып, оның орнына шейх пайда болады. Оянған соң түнгі қорқынышы шындыққа айналғанын түсінеді... Абдерахман қызды ұрламақшы болады, бірақ рыцарь дер кезінде келіп, шайқаста шейхты өлтіреді.

Мариус Петипаның хореографиясындағы балетті редакциялаған қоюшы хореограф – КСРО Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, КСРО және РФ мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, «Достық» орденінің кавалері Юрий Григорович. Музыкалық жетекшісі әрі дирижері – Анатолий Чепурной, қоюшы суретші – Дмитрий Чербаджи, костюмдер бойынша суретші (Симон Вирсаладзе костюмдерін көшіру) – Людмила Иус, дирижер – Александр Юдасин. Красноярск театрының сахнасындағы премьерасы 2018 жылдың 7 қарашасында өткен.

Соңғы жаңалықтар