ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммиті қараша айында бейнеконференция форматында өтеді

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Мәскеуде Сыртқы істер министрлерінің кеңесінің (СІМК) отырысы барысында ШЫҰ тараптары сыртқы саяси ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және дамыту жөніндегі бірінші кезектегі міндеттерді қарастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Қазақстандық тараптан шараға Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қатысты.

ШЫҰ СІМК отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің алдағы саммитіне құжаттарды дайындау барысын талқылағанын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелер бойынша кеңес өткізгенін хабарлады.

«Біз қосымша қадамдарды қажет ететін ынтымақтастық бағыттарын қарастырдық. Олардың қатарында халықаралық терроризмге, есірткінің заңсыз айналымына, трансшекаралық ұйымдасқан қылмысқа және киберқылмысқа қарсы күресте күш-жігерді біріктіру мәселелері бар. Барлық осы бағыт бойынша мемлекет басшыларының бекітуіне ұсынылатын өтініштер мен басқа да құжаттардың жобалары мақұлданды», - деп атап өтті ол.

С.Лавров сондай-ақ Ауғанстан бойынша, Сирия мәселесін реттеу бойынша, Таяу Шығыс пен Африканың солтүстігіндегі бірқатар мәселелер бойынша тараптар пікір алмасқанын айтты.

«Бізде АҚШ-тың Иранның ядролық бағдарламасын реттеу жөніндегі бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарынан шығуы төңірегінде қалыптасқан жағдай бойынша ортақ ұстаным бар», - деп атап өтті С.Лавров.

Сондай-ақ, тараптар ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі көпжақты экономикалық даму бағдарламасын іске асырудағы маңызын атап өтті. Өзара көліктік байланыс, өзара есептесуде ұлттық валюталарға көшу, сауда мен инвестиция үшін ашық жағдай жасау мәселелері қаралды.

Ресей СІМ басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен өтетін саммит осы жылдың қараша айында бейнеконференция форматында өтетінін хабарлады. Осыдан кейін ұйымға төрағалық ету Тәжікстанға өтеді.


Соңғы жаңалықтар