Шымкенттік белгілі суретші Алмас Халықов Елбасынан Алғыс хат алды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов бүгін белгілі суретші, Қазақстанның «Құрметті ұстазы» Алмас Халықовты арнайы қабылдады.

Шымкенттік қылқалам шеберіне Елбасының атынан келген Алғыс хатты табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Суретші Алмас Халықов «1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні» қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жан анам» туындысын жолдаған болатын. Өнер иесінің хаты мен сыйлығын қабыл алған Елбасы өнер иесіне алғысын білдіріп, ыстық лебізін жеткізді.

Аталған картинада қылқалам шебері Нұрсұлтан Назарбаев пен анасы бейнеленген болатын. Ол туындыны арнайы майлы бояу техникасымен екі ай көлемінде салған. Кездесу барысында тараптар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, шаһар басшысы суретшіні «Шымкент - қайырымды қала» мен келер жылы өтетін ТМД елдерінің мәдени астанасы тақырыптарында еңбектенуге шақырды. Бұл күні шаһар басшысы суретшінің жеке көрмесіне де арнайы қатысты.

Жалпы саны 70-тен астам картина қойылған көрмеде қойылған туындылар түрлі жанрда салынған. Көрмедегі жұмыстармен танысқан Ерлан Айтаханов ел мен жердің көркін қылқаламмен ақ қағаз бетіне түсіре білген өнер иелерінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына қосып отырған үлесі мол екенін жеткізді.

«Табиғаттың тарту еткен сұлулығын бояумен әрлеген өнер иелерінің туындылары «Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиясы» бағытының аясында атқарылып жатқан жұмыстардың насихаты ретінде қарауға болады. Бұл киелі жерге деген туристердің назарын аударуға үлес қосары анық. Біз қайырымды қала тұрғындары әр жәдігерімізді, өнер туындыларын дәріптеп, сақтай білуіміз қажет»,- деді Ерлан Айтаханов.

Айта кетейік, қаладағы «Бейнелеу өнері» мұражайында ұйымдастырылған көрме екі күнге созылады.

Соңғы жаңалықтар