Шымкенттен Шығысқа көшкен көпбалалы ана: Аптап ыстықтан қытымыр аязға үйрену оңай болған жоқ

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шуақты Шымкенттен аязы қатты Алтайға көшіп келген отбасы бүгінде бұл шешімдеріне еш өкінбейді. Алайда әуел баста кіндік қаны тамған жерден кетіп жат өлкеге бой үйрету оңайға соқпаған. Бірақ қазірде адал еңбектерімен 5 баласын асырап отырған ата-ана «Шығысқа келіп шырайымыз кірді» дейді. ҚазАқпарат тілшісі Риддер қаласында тігіншілікпен айналысатын отанасы Әнел Құрбановамен сұхбаттасып қайтқан болатын.

- Шығыс Қазақстанға қай жылы келдіңіздер?

- Біз Шымкент қаласында тұрдық. Зайыбым Берік екеуіміз жұмыссыз едік. Бірде күйеуіме Павлодар қаласындағы досы хабарласып, қоныс аудару бағдарламасы туралы айтты. Қызығушылығым оянып, бұл жайлы көбірек мағлұмат жинауға кірістім. Жұмыспен қамту орталығына барып, бағдарламаның бүге-шүгесімен танысып та қайттық. Ақылымыз алтыға, ойымыз онға бөлініп түбінде көшу жайлы шешім қабылдадық.

2015 жылдың қаңтар айында Риддер қаласына көшіп келдік. Қақаған аяз. «Алтайдың қысы алты айға созылады» деп бекер айтпаған екен ғой. Ол кезде 4 баламыз бар. Үлкенім – 7, кенжем – 1 жасқа енді толған еді. Бұл жерге Оңтүстіктен 30 отбасы қоныс аударып келдік. Әр жанұяға 445 950 теңгеден берілді. Үш бөлмелі пәтерді жалға алып, күн кеше бастадық. Жолдасым спорт мектебіне жүргізуші, өзім балабақшаға тәрбиеші болып орналастым. Алайда кішкентайымыз Еламан жиі сырқаттанып қала берді. Екеуіміз де таңның атысынан күннің батысына дейін үй бетін көрмейміз. Жат жерде баланы тастап кететін туысқандарымыз болмағандықтан бізге ауыр тиді. Шынымды айтсам, сол кездері туған жердің топырағынан алыстағаныма іштей қатты өкініп жүрдім. Ойым сан-саққа жүгіріп, шымқалаға қайта оралғым келді. Бірде сабыр суым сарқылып күйеуіме іштегі шерімді айтып салдым. Айтқанымды мұқият тыңдап шыққан ол көз жасымды сүртіп «Осында келерде оңайға соқпайтынын білдік қой. Бұл шешімді қабылдамас бұрын мың ойланып, жүз толғандық емес пе? «Өткелде атыңды ауыстырма» дегендей боркеміктік танытпа» деп жігер бергендей болды. Сөйтіп күнді-күнге жалғап өмір сүріп жаттық. Сынаптай сырғыған уақыт зуылдай берді. Арада бір жыл өткенде тағы да сәбилі болдық.

- Тігіншілікпен қалай айналыса бастадыңыз?

- Бір байқағаным, мұнда тігіншілікпен шұғылданатындар жоқтың қасы екен. Ұлттық нақыштағы киімдерді, құрақ көрпелерді мүлде кезіктірмейсің. Декретте отырғанымда тігін мәшинесін сатып алып, көрші-қолаңнан, таныстардан тапсырыс ала бастадым. Бұйымдардың тігілу сапасы жоғары болғандықтан сұраныс та арта түсті. Көршілердің бәріне дерлік перде тігіп бердім. Ойлана келе, осы кәсіппен түбегейлі айналысуға шешім қабылдадым. Бизнес жоспар құрып, қалалық Кәсіпкерлер палатасына апардым. Оны ойдағыдай қорғап шығып, 250 мың теңге грант ұтып алдым. Ал 2019 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында маған қайтарымсыз 2 млн теңге берілді. Бұл қаражат арқылы қажетті жабдықтарға қол жеткіздім. Бүгінде автокөлік орындықтарына арналған қаптамалар, оюлы көрпеше, шиқұрақ, перде, бесік жабдықтары мен көрпе-жастықты оюлап тігемін. Аллаға шүкір, кәсібім алға басып келеді.


- Шымкенттің шіліңгір ыстығынан Шығыстың шыңылтыр аязына үйрену оңайға соқпаған шығар, сірә?

- Оныңыз рас. Жаңағы айтқандай, басында балаларым жиі ауырып қалатын-тұғын. Несі бар, уақыт өте келе Шығыстың шырқыңды кетіретін қатал ауа-райына көндіге бастадық. Қазір керісінше ұл-қыздарым жазғы каникулда Шымкентке қыдырып барса, сырқаттанып қалады. Бірнеше күннен кейін «Үйге қайтайықшы» деп құлақ етімді жеп, мазалары қашады. Өзіміздің де аңсарымыз Алтайға ауып тұратынын несіне жасырайын. Сөздің шыны керек, бұл жақтың климатына, тұрғындарына әбден бауыр басып қалыппыз. Табиғаты тіптен тамаша! Аспанмен астасқан асқар таулары, ит тұмсығы өтпейтін ну ормандары, балығы жылқы жусатпас, бақасы кісі ұйықтатпас дария көлдері қарағанда көз құмарын қандырады.

- Десек те, жаңа өлкеде жаныңызға жақпаған жайттар да бар шығар?

- Сауалыңыз орынды. Рас, қаным қазақ болған соң көкейге келген өкпе-назымды да айта кетейін. Мұнда ұлттық салт-дәстүріміздің шырағы сөніп бара жатқан сияқты. Олай дейтінім, риддерліктер қыздарын салтқа сәйкес ұзатпайды, сәбилерін бесікке салмайды екен. Бұл дұрыс емес. Өзім бауыр еті балаларымның әрқайсысын бесікке бөлеп өсірдім. Қазір қол-аяқтары оқтаудай түзу. Біле білсек, қазақтың әр салт-дәстүрінің, ырым-тыйымының мән-мағынасы тереңде жатыр ғой.

- Екі өңір халқынан қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

- Шығыс Қазақстанда бәрі заң жүзінде, құжат арқылы іске асады. Ауруханаға барсаң түгелі ың-шыңсыз кезек сақтайды. Ал Шымкентте таныс дәрігері барлар кезекке тұрмай-ақ кіре береді. Кішкентайымды босанғанда туғанда мұндағы ақ халаттылар асты-үстіме түсіп, жағдайымды ұдайы бақылап отырды. Қиналған сәтте жаныңнан табылған мейірбикелерге қалай риза болмассың.

- Ал қазір ше, қоныс аударғаныңызға өкінбейсіздер ме?

- Еш өкінбейміз. Керісінше, қуанамыз. «Тәуекел тау жығар» деп бекер айтылмаған екен. Құдайға шүкір, бүгінде тұрмысымыз оңалып, ел қатарлы өмір сүрудеміз. Шаңырағымызға шаттық әкелген бұл мекенде 5-ші сәбиіміз дүниеге келді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өзім жеке кәсібімнің керегесін кеңейттім. Алға қойған мақсат-мұраттарымыз әлі де көп. Сол жоспарларымыздың барлығы Шығыс Қазақстанмен байланысты.

Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Соңғы жаңалықтар