Шымкентте жолаушы баласын құжатсыз ұшаққа мінгізбеген Air Astana қызметкеріне қол көтерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкенттік жолаушы әйел кәмелет жасына толмаған баласын ұшаққа құжатсыз мінгізуін талап еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«8 қазан күні 4 кәмелет жасқа толмаған баласы және бала күтушісімен жолаушы Шымкент әуежайына келді. Ол балаларының бірінің құжаты жоқтығын айтып, оны Нұр-Сұлтан қаласы рейсіне тіркеуін сұраған. Тіркеу жөніндегі агент жолаушыға ұшуға тіркелу үшін міндетті түрде құжат болуын хабардар етті. Дегенмен жолаушы әуекомпания қызметкеріне тіл тигізіп, одан баласына отырғызу талонын беруін талап етті. Заң талаптарын түсіндірген әуекомпанияның қызметкеріне жолаушы дөрекілік таныта отырып, басқа жолаушыларға кедергі жасаумен қатар балаларын жүк тасымалдау жолағына отырғызып қойды. Сонымен қатар ол өзін өртейтінін және аштық жариялайтынын айтты. Соңында әуекомпанияның қызметкеріне екі рет соққы тигізді», - деп хабарлайды «Air Astana» әуекомпаниясы.

Хабарламада айтылғандай, өз кезегінде әуекомпания қызметкері құқық қорғау органдарына жолаушының үстінен шағым жазды.

«Әуекомпания өз қызметкерінің бұл әрекетін қолдайды. Себебі әуекомпания қызметкерінің ешқандай қоқан-лоққысыз өз міндетін атқаруға құқығы бар. Бұл әуе кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуде маңызды. Айта кету керек, зардап шеккен әуе компания қызметкері де көпбалалы ана. Ол кәмелет жасына толмаған 4 баланы тәрбиелеуде», - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, аталған әуекомпания ұшу алдында жолаушылардың құжатын тексеру заңға сәйкес жүргізілетінін ескертеді.

«ҚР заңнамалық нормаларына сәйкес кәмелет жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерден ұшу кезінде олардың құжаттарының талап етілетінін, сонымен қатар оған жауапты азаматтың да құжаты болуы керектігін ескертеді. Әуе рейсіне тіркеу кезінде әуекомпания қызметкерлері барлық жолаушылардың құжаттарын тексеруге міндетті», - делінген компания таратқан ақпаратта.

Соңғы жаңалықтар