Шымкентте жалған ақпараттың кесірінен балықтың саудасы тоқтап қалған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте жалған ақпараттың кесірінен балықтың саудасы тоқтап қалды. 50-ге тарта сауда нысанының сатушылары базынасын айтып, биліктен көмек сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балық бизнесімен айналысатын кәсіпкерлердің айтуынша, бұған әлеуметтік желіде «Сырдарияның балығы уланған, екі жылға дейін жеуге болмайды» деген жазбаның таралуы себеп болған. Осыдан кейін жұрт балық алуды тоқтатып, базарлар мен сауда нысандарында өнім өтпей қалған. Көп жылдан бері балық саудасын кәсіп еткен Кәміл Қасымбек күнделікті табыстан қағылдық деп ашынады. Саудагер бұрын күніне 200 келіге дейін балық сатса, қазір алушы жоқ екенін алға тартады. Салдарынан балықтар тоңазтқышта қатып, базбірін тастап үлгерген.

«Бес күн болды, балық сата алмай жатырмыз. Жоқ дегенде 100-200 келі балық сататынбыз. Қазір 5 келі балық та сата алмай қалдық. Халық балық алуға қорқып қалған. Бір балықты сыртқа шығарған соң кешке шейін иістеніп қалады. Амал жоқ, тастаймыз. Шетімізден шығынға батып, несиеміздің пайызы өсіп жатыр»,- дейді кәсіпкер Кәміл Қасымбек.

Балық саудасымен айналысушылардың сөзінше, мұндай қиындықтар тек Шымкентте емес, Қызылорда, Тараз, Алматы қалаларында да туындаған. Базарда балықтың сапасы туралы анықтаманы көрсетсе де, жұрт алмай қойған. Саудагерлер енді бағасын да біртіндеп түсіре бастағанын айтады.

«Шымкент бойынша күніне 15 тоннаға дейін балық сатылатын. Қазір 1 тонна түгілі, 100 келі де сатылмай қалды. Қазақстан бойынша барлық кәсіпкерлер сауда жоқ деп шырылдауда. Бізге балық Шардара, Көксарай, Бөген, Балқаш, Атыраудан келеді. Арасында ауру балық жоқ. Күнделікті мамандар тексеріп отырады»,- дейді кәсіпкерлердің бірі Гүлжан Төребекова.

Саудагерлер тәулігіне 100 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін шығынданып отырғанын айтады. Соған қарамастан сауда орнының жалдау ақысы мен салығын да төлеп тұр. Тіпті қолда бар тауарды сасытып алмас үшін тоңазытқыштарды да толтырып тастаған. Ендігі жерде сақтайтын орын қалмай барады.

Ал, желіде тараған ақпаратты балық саласына жауапты мамандар теріске шығарды. Инспекторлардың сөзінше, «балық уланған» деген қаңқу сөз шындыққа жанаспайды.

«Өзбекстанда орналасқан Сардоба су қоймасы мен Сырдария өзенінің арақашықтығы алыс, бір-бірінен алшақ жатқаны белгілі. Сырдария өзені мен Шардара су қоймасында ешқандай ауру балық жоқ екенін мен ресми түрде мәлімдеймін»,- дейді Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Шәкен Боранбай.

Қалай болғанда да әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандардың мәселесі тексеріліп, заң шеңберінде жаза қолданылмақ. Қазір қаңқу сөзді кім және не үшін таратқаны анықталуда. Сондықтан мамандар Сырдария мен Шардараның балығын жұрт қорықпай жесе болады деп отыр.






Соңғы жаңалықтар