Шымкентте той жасауын қоймаған 19 кафе-ресторан сот шешімімен жабылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте бірнеше рет карантин талаптарын бұзған 19 нысанның жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында коронавирус індеті кең таралуына қарамастан, ойын-сауық (кафе, ресторан, лондж-бар, караоке-бар) орындары және тойханалар карантинді бұза отырып, өз қызметін жасырын жалғастырып отыр.

Осыған байланысты мобильді топтардың жұмысы күшейтіліп, қазіргі уақытта қала аумағында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізетін 40 мобильді топ жұмыс атқаруда.

Карантин режимін бұзу жайттарын анықтау мақсатында Шымкент қаласы полиция департаменті аудандық полиция басқармаларының қызметкерлерімен және арнайы құрылған мобильді топпен бірге жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша 2 076 заңбұзушылықты анықтап, іс-құжаттары санитарлық-эпидемиологиялық департаментіне жолданған.

Оның ішінде той немесе басқа да жиын өткізген 287 жайт анықталды.

Рейд барысында бірнеше рет карантин талаптарын бұзған 19 нысан (тойхана, мейрамхана, кафелер) анықталып, сот арқылы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігіне сәйкес айыппұл салынып, қызметі бір ай мерзімге тоқтатылған.


Соңғы жаңалықтар