Шымкентте төтенше жағдай режимін бұзған 300-ге жуық кәсіпкерге айыппұл салынды
Қалалық төтенше жағдай жөніндегі штаб мәліметінше, соңғы 5 күннің өзінде Абай ауданында – 144, Еңбекші ауданында – 58, Қаратау ауданында – 50 және әл-Фараби ауданында 35 кәсіпкерлік нысан жауапқа тартылған. Оның ішінде сауда орталықтары, азық-түлік дүкендері, дәмханалар, әсемдік салондары, ломбардтар мен автокөлікке техникалық қызмет көрсету орталықтары бар.
Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде сауда және қызмет көрсету нысандарының жұмыс уақыты шектелген. Бұл орындардың кіре берісінде қолды антисептикалық өңдейтін құралдар қойылып, келушілердің дене қызуы контактісіз пирометрмен өлшенуі талап етіледі.
Сондай-ақ, қызмет көрсетушілер мен келушілер медициналық бетперде тағып жүруге міндетті. Осы талаптарды орындамаған кәсіпкерлер алдағы уақытта да жауапқа тартылады.
Аталған штабтың мүшесі Бұхарбай Пармановтың сөзінше, бүгінгі таңда мегаполистегі Абай ауданы аумағында 12 ірі сауда орталығы мен әуежай, «Самал» және «Бекжан» сияқты ірі базарлардың, мал базары мен автокөлік базарының, 59 тойхана мен 31 моншаның жұмысы уақытша тоқтатылған.
Қалада сондай-ақ, бақылау шаралары күшейтілген.