Шымкентте төтенше жағдай режимін бұзған 20 адам әкімшілік қамауға алынды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте төтенше жағдай режимін бұзған 20 адам әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, үшінші мегаполисте бүгінгі таңда 18 блокбекет жұмыс істеуде. Аталған бекеттерде жалпы 692 қызметкер жұмылдырылған. Оның ішінде 230 полиция және 216 медицина қызметкері, 168 қарулы күштер және 60 ұлттық ұлан сарбаздары 3 ауысымда тәулік бойы қызмет атқаруда.

«Төтенше жағдай кезеңінде, қойылған шектеулерді бұзғаны және санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін 596 тұлғаға Әкімшілік кодексінің 476-бабымен хаттама толтырылып, жинақтау іс-құжаттары шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. 20 тұлға әкімшілік қамауға алынды, 4 тұлғаға айыппұл салынды, қалған істер қаралу сатысында», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, Шымкентте 4 сәуір күні сағат 21:00-ден бастап карантин режимі енгізілген. Осынау режим аясында барлық мекемелердің жұмысы уақытша тоқтатылып, тұрғындар мен көліктің барлық түріне Шымкент қаласынан шығуға және қалаға кіруіне тыйым салынған. 55 жастан асқан адамдарға аса қажеттілік туындамаған жағдайда далаға шығуға болмайды.


Соңғы жаңалықтар