Шымкентте су деңгейі төмендеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкенте жаңбырдың мол жаууынан су тасқыны болып, 63 ауланы су басқан болатын. Қазір су деңгейі төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жаңбырдың мол жаууы және Түркістан облысының Төле би ауданынан арық каналдары арқылы келген судың салдарынан Шымкент бойынша барлығы 38 тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстары бар 63 аула учаскесін су басты, 11 шаруашылық құрылыс (саманнан жасалған) және бір уақытша тұрғын үй құрылысы қирады. Зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Құтқарушылар эвакуациялау пункттеріне барлығы 331 адамды эвакуациялады, пункттерге орналасқаннан кейін барлық тұрғындар туыстарының үйлеріне оралды» делінген хабарламада.

Мәселен, Еңбекші ауданының Елтай ауылында 38 тұрғын үй мен 60 аула аумағын су басты. Оның салдарынан 11 шаруашылық құрылыс және бір уақытша тұрғын үй құрылысы бұзылды. Құтқарушылар, жергілікті атқарушы органдары мен ҚР Ұлттық ұланның күштері жоғарыда аталған учаскелерде суды бұру және сорып шығару жұмыстарын жүргізді. Жалпы 7 мыңнан астам текше метр су сорылды. Арықтарды тазалау және тереңдету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Су басу аймағынан 300 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Сондай-ақ, Еңбекші ауданының Откорм ауылында тіреуіш-ауыспалы құрылыста Бадам өзенінің сол жақ жағасын су басты, соның салдарынан екі тұрғын үйдің құлау қаупі туындады. Құтқарушылар күштері 31 адам эвакуациялады. Бадам өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары нәтижесінде су басу қаупі жойылды.

Еңбекші ауданының Абдулабад ауылында шаруашылық құрылыстары бар 3 ауланы су басты. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері осы аулалардан 600-ден астам текше метр суды сорып шығарды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына барлығы жеке құрамнан 168 адам, 19 бірлік техника мен 21 мотопомпа, жергілікті атқарушы органдардан 74 қызметкер мен 55 бірлік техника, ҚР Ұлттық ұланынан 100 әскери қызметші мен 4 бірлік техника жұмылдырылды.


Соңғы жаңалықтар