Шымкентте шектеулерге бағынбаған кәсіпкерлер үш тәулікке қамалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте төтенше жағдайға байланысты шектеулерге бағынбаған 7 кәсіпкер үш тәулікке қамалды. Бұл туралы қалалық прокуратураның аппарат басшысы Руслан Заурбеков мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Руслан Заурбековтың айтуынша, соңғы 3 күннің ішінде әкімшілік құқық бұзушылыққа жол бергендерге 49 хаттама толтырылған. Заң бұзушылыққа жол берген 5 адамға айыппұл салынған. Ал, үш тәулікке қамалғандар қатарында автосалонның директоры мен моншаның иесі, дәмхана қожайыны мен әкімшісі, бірнеше лондж-барларының иелері бар.

«Жұмыс уақтына шектеу талаптарын бұзылуына жол бергендігі үшін «Астер-авто» ЖШС-не тиесілі автосалонының директоры 3 тәулік қамауға алу түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Ал, осыған ұқсас бұзушылықтар үшін «Кафель» дүкенінің иесі 3 тәулік қамауға алу түріндегі және «Каравай» асханасының әкімшісі 10 АЕК көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауаптылыққа тартылды»,- деді Руслан Заурбеков .

Сондай-ақ, қала аумағында құрылған 15 мобильді топ күн сайын төтенше жағдай режимі шарттарын бұзуына жол бермеу әректтерін жасауда. Жеке қорғау құралдарын заңсыз сату деректерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шараларды жүзеге асыруда. Қадағалаушы орган өкілдері жалпы құны 5 миллион теңгеге жуық 26 мың 500 дана медициналық бетпердені заңсыз сатудың 3 жәйтін анықтаған. Қазіргі уақытта тиісті материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданған.


Соңғы жаңалықтар