00:45, 16 Мамыр 2021 | GMT +6
Шымкентте полиция жоғалып кеткен кішкене қызды көрші үйде ойнап жүрген жерінен тапты
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте кеше кешкісін 6 жасар қыз бала із-түзсіз жоғалып қалған. Ата-анасы өздігінен таба алмаған соң, полициядан көмек сұраған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қыз бала кешкі сағат 18:15 -тер шамасында белгісіз бағытқа шығып кеткен.
Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетовтің дабыл қағуымен тәртіп сақшылары оны іздеу шарасына жұмылдырылды. Сондай-ақ, кинологияның иісшіл иттері де тартылды.
Нәтижесінде кішкентай қыз кешкі сағат 19:35 шамасында көршісінің үйінде ойнап жүрген жерінен табылған.
Жоғалған қыздың ата-анасы шымкенттік полицейлерге алғысын айтып, ризашылығын білдірді.