Шымкентте орта жастағы тұрғындар волонтер болуға ниет білдіруде

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттік «ASАА» жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Данара Саранова қазір ерікті болуға орта жастағы тұрғындар да қызығушылық танытып отырғанын айтады. Оның сөзінше, жастардан бөлек, 40-50 жастағы азаматтар да жұмыстарға атсалысқысы келетінін білдіріп жатады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мектеп оқушысы болып жүріп, волонтерлік жұмысқа ерте араласқан Данара Саранова адамдарға көмектескенді жаны жақсы көретінін айтады. Бастапқыда ағылшын тілін тегін үйренуге грант жеңіп алған ол, уақыт өте келе қоғамдық жұмыстарға қызығушылық таныта бастаған.

«2007 жылы мектеп қабырғасында оқып жүріп, ACCESS бағдарламасы бойынша жобаның жеңімпазы атандым. АҚШ елшілігінің Қазақстандағы жобасы негізінде тек тіл үйреніп қоймай, волонтерлік қызметті, көшбасшылық қабілетті дамыту мен қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды қолға алдық. Балалар үйіне барып, өз қолымызбен жасаған қуыршақтармен ертегілерді ағылшын тілінде көрсетіп жүрдік. Бос уақыттың барлығын түрлі жобаларға немесе шараларға қатысу арқылы еріктілік жұмысқа бейімделе бастадық. Менің отбасым да өмірде дұрыс жолды таңдауыма, адамдарға көмектесуіме жағдай жасады. Содан бері осы волонтерлік бағытты таңдап, осы жолмен жүргенді қаладым»,- дейді Д.Саранова.

Бүгінде бойжеткен «Шымкент қаласының ACCESS түлектері «ASАА» жастар қоғамдық бірлестігінің президенті қызметін атқарып жүр. 2011 жылы құрылған ұйым мектеп оқушылары мен жастарға, адагерлерге көмек көрсетеді. Волонтерлік, көшбасшылық бағыттарда жұмыс атқарып, жастарды өз жобаларын қорғауға үйретеді. Қазіргі таңда аталған ұйым еліміздегі «Ұлттық волонтерлік желісінің» Шымкенттегі волонтерлікті қолдау орталығының өкілдігі болып табылады. Қазір Данара Саранова сол орталықта директорлық қызметін де қатар атқарып жүр. Құрамында 80-ге тарта ерікті жиналған ұйым медицина, экология, төттенше жағдайлар сияқты әртүрлі салада әлеуметтік тұрғыда көмек көрсетеді. Шымкенттік волонтердің сөзінше, қазір бұл ұйымға мүше болғысы келетіндер қатары күн санап артып келеді.


«Шымкентте ерікті болғысы келетін жастар өте көп. Тек жастар емес, орта жастағы және одан да үлкен 40-50 жастағы азаматтар да бар. Олар әртүрлі бағытта көмектесіп отырады. Мәселен, әкімдікте жұмыс істейтін мамандар мүше болғысы келетінін айтады. Олар аптасына немесе бір айда бір рет келіп, ақылдасып, бірге жұмыс істейді. Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтар да өздерінің уақыты мен мүмкіндігі бар екенін, кез келген жағдайда материалдық тұрғыда көмектесе алатынын жеткізіп жатады. Өздері келіп қол ұшын береді. Дегенмен, қазіргі ең маңызды мәселе – еріктілер ұйымдарына бір үлкен ғимарат керек. Немесе коворкинг орталығы болса деген ұсынысымыз бар. Нұр-Сұлтан қаласындағы фронт-офистер басқа өңірлерде де ашылса, біздің жұмысымыз одан әрі жандана түсетін еді», - дейді еріктілер ұйымының басшысы.

Данараның айтуынша, шымкенттік ұйым бүгінде өзара тәжірибе алмасу мақсатында алыс-жақын шетелдермен тығыз байланыс орнатқан. Ресей, Армения, Қырғызстан, Америка мен Еуропаның бірнеше елдерімен бірлесіп жұмыс істейді. Түрлі волонтерлікке байланысты халықаралық шаралар ұйымдастырып, дипломатиялық тұрғыда бір-біріне жәрдем беріп отырады. әртүрлі әлеуметтік жобаларды да жүзеге асырып, тығыз қарым-қатынас орнатқан.


Соңғы жаңалықтар