Шымкентте Мұхтар Шахановтың шығармашылық кеші өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында ақын, драматург Мұхтар Шахановтың «Бөдене таланттар мен Қажымұқандар» атты шығармашылық ән-жыр кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақынның шығармашылық кешіне арнайы қатысқан Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Мұхтар Шахановтың қазақ әдебиетінің абызы ретінде елімізге орасан зор еңбегін атап өтті. «Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық жаңғыру ұғымы - ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін айтып, қазіргі таңда ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейту керектігіне тоқталған болатын. Ал, осы көкжиекті кеңейтетін ақын-жазушылар екені айтпаса да түсінікті. Олар халықты рухани сусындатып, саналарына ұлттық кодты сіңіруге тырысады. Ал, ұлттық код – Мәңгілік Елге бастар қадам. Осы бағытта қазақ әдебиетінің абызы ретінде елімізге орасан зор еңбегіңізді ерекеше атап өткім келеді. Мұхтар Шаханов - әлем ақыны. Себебі, қазақтың Мұхтарын әлем мойындаған», - деді Ерлан Айтаханов.

Шара барысында көрермендер кеш иесі жайындағы деректі фильмді тамашалап, рухани азық алды. Рухани кеште Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, эстрада әншісі Хадиша Шалабаева және әнші Сандуғаш Стамғазиева ақынның авторлық әндерін шырқап, қазақ рухын асқақтатты. Сонымен қатар, Шымкент қаласы мәдениет үйінің әншілері және қара өлеңді жанына серік еткен Шаханов ізбасарлары ән-жырдан шашу шашты.

Айта кетейік, Мұхтар Шахановтың «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» атты әндері ел аузында. Сонымен қатар, бірнеше өлең кітабының және халық арасына кең тараған бірқатар әннің авторы. Балладалары мен поэмалары 20-дан астам тілге аударылған. «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», «Сократты еске алу түні» атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған.

Еске салайық, бүгін қаладағы «Отырар» кітапханасында дарабоз ақынның «Өркениеттің адасуы» кітабының тұсауы кесіліп, «Жалын» журналының 50 жылдығы аталып өткен болатын.


Соңғы жаңалықтар