Шымкентте кіреберісте әйел зорламақ болған күдікті ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкент полицейлері қаладағы көппәтерлі үйлердің бірінің кіреберісінде әйелді зорламақшы болған күдіктіні ұстады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Полиция қызметкерлері күдіктінің аты-жөнін анықтау мен ұстау үшін бірқатар шара жасады. Соның нәтижесінде кеше күдікті ұсталды. Ол 1985 жылы туған жергілікті тұрғын болып шықты. Одан бөлек, тергеу амалдарын жүргізу барысында күдіктінің жәбірленушінің қалтасынан 8000 теңгеге жуық ақша ұрлағаны анықталды. Ол өз кінәсін толық мойындады», - деді Нұрділдә Ораз министрлікте өткен онлайн брифингте.

Қазіргі уақытта күдікті Шымкент қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау абақтысына қамаулы.

«Аталған жайттар бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабының екінші бөлігінде және 120-бабының бірінші бөлігінде көзделген, тонау және зорлауға оқталу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Қылмыстық әрекеттері дәлелденсе, сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Тергеу амалдары жалғасуда», - дейді Н. Ораз.

Ресми өкілдің айтуынша, өткен аптада жалпы саны 2921 қылмыс тіркелді. Полицейлердің жедел әрекет етуі нәтижесінде 1938 қылмыс ізі суымай ашылды. Оның ішінде 5 адам өлтіру, 34 тонау мен қарақшылық, 501 ұрлық фактілері әшкере болды.


Соңғы жаңалықтар