Шымкентте келесі жылы жаңадан 4 саябақ салынады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласында келесі жылы жаңадан 4 саябақтың құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Қалалық мәслихат депутаттарын 2020 жылы атқарылатын жұмыстардың жоспарымен таныстырған қала әкімі Ерлан Айтаханов жаңа саябақтар қай аудандардан салынатынын айтты, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Қала басшысының сөзінше, 4 саябақты бұрынғы қоқыс полигоны аумағында, Әкімшілік-іскерлік орталығында, №1 автожол бойында және «Қасірет» мемориалының жанында салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қаланың орталығынан өтетін Қошқар ата өзенінің жағалауы абаттандырылып, көпшілік демалыс аймағына айналмақ.

Ташкент, Түркістан және Бозарық бағыттарындағы қалаға кіретін жолдардың бойы да көркейеді деп күтілуде.

Сонымен қатар, 2020-2022 жылдар аралығында Шымкентте 586 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бұл ретте қала әкімі негізгі құрылыс аумағы - Тұран шағын ауданында болатынын атап өтті.

Оның ішінде 2020 жылы 9 016 пәтерлі 161 тұрғын үй салынбақ. Ал, 2021 жылы салынатын 193 тұрғын үйде 10 808 пәтер, 2022 жылы салынатын 232 тұрғын үйде 12 992 пәтер болады деп жоспарланған. Нәтижесінде 32 816 отбасы баспанамен қамтылмақ.

«Ауыл шаруашылығын субсидиялауға 4 226 млн теңге бөлінді. Бірінші кезектегі азық –түлік тауарларының қорларын құруға және бағаларды тұрақтандыруға 1 961 млн теңге қарастырылды»,- деді қала әкімі Ерлан Айтаханов.

Соңғы жаңалықтар