Шымкентте кәсіпкерлерден пара алған 12 кеденші сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкентте кеден бекеттерінде кәсіпкерлерден пара алды деп айыпталған 12 кеден қызметкері мен үш делдал сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тағы бір кеден бекетінің қызметкері қылмысының дәлеленбеуіне байланысты ақталып шықты. Қылмыстық істі қарау барысында сотталушылардың 2017-2018 жылдар аралығында «Қазығұрт», «Қапланбек» және «Сарыағаш станциясы» кеден бекеттерінде кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алып келгені анықталған. Олар бекеттерден өтетін жүктердің қожайындарынан кедергісіз өткізу үшін параның мөлшерлемесін әр түрлі көлемде белгілеген. Мәселен, көкөністер, жемістер және кептірілген жемістерді импорттау үшін бір вагон немесе бір автокөлікке 300-ден 800 АҚШ долларына дейін алып отырған. Ал, Ресей Федерациясынан Өзбекстан Республикасына ағаш материалдарының транзиті үшін 10 мың теңгеден 200 АҚШ долларына дейін, халық тұтынатын тауарларды экспортқа шығару үшін 10 мың теңгеден 50 000 теңгеге дейін сұраған. Жедел іздестіру іс шаралары нәтижесінде олардың бір ғана кәсіпкерден 13 мыңнан 34 мың АҚШ долларына дейін ақша алғаны анықталған.

«Олар өздерінің талаптарын айтады. Оны бермесе кедергі жасаймыз деп ескерткен. Мәселен, «Қапланбек» кеден бекеті бойынша бойынша пара соммасы 29 млн теңгены құраса, «Қазыұғрт» кеден бекеті бойынша 20 млн 528 мың 680 теңге болған. Ал «Сарыағаш» стансасы бойынша 2 млн 922 мың теңге көлемінде пара алғаны дәлелденген»,-дейді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев.

Сот үкімімен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық Мемлекеттік кіріс департаменті бастығының орынбасары мен «Қапланбек» кеден бекетінің басшысы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы үш кеденші 4 жылға, алты айыпталушы 7 жылдан жаза арқалады. Өзге айыпталушылар жазасының өтеу мерзіміне байланысты сот залынан босатылды. Барлық сотталушыларға жазаларын қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтеу белгіленді. Сонымен қатар, барлық сотталғандар өмір бойы мемлекеттік органдарда, кәсіпорындарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымды атқаруға тыйым салынған.

«Сотта сотталушылар Н.Тенлибаев, Е.Байсапаров, А.Джумабаев өз кінәсін мойындамады. Ал, А.Джумабаев сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өз кінәсін толық мойындап, тағы басқа қылмыскерлерді әшкерелеуге көмегін көрсетті. Қалған сотталушылар өз кінәсін мойындады. Оған қоса, сот, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары барысында жіберілген заң бұзушылықтары бойынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық Бюросына және Шымкент қаласының прокурорына жеке қаулы шығарды»,- дейді судья Әбинұр Қарабаев.

Айта кетейік, айыпталушылар 2018 жылдың ақпан айында еліміздің оңтүстігінде жүргізілген ауқымды операция кезінде ұсталған болатын. Оларға қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасындағы «Сарыағаш», «Қазығұрт», «Қапланбек» кеден бекеттерінің қызметкерлеріне экономикалық контрабанда, ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым мен трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу және парақорлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Қылмыстық іс 180 томға жинақталып, сот отырысы сегіз айдан аса уақытқа созылды.


Соңғы жаңалықтар