Шымкентте екі адам көлік жүргізушісін пышақтап, денесін өртеп жіберген

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте жолаушылар көлік иесін пышақтап, денесін өртеп жіберген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

18 қазан күні шамамен сағат 11.00-де Шымкент қалалық Полиция департаменті Абай аудандық полиция бөлімінің кезекшісіне Түркістан көшесінің бойында «Дэу Нексия» маркалы ақ түсті көлік иесіз тұрғаны және оның мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқтығы туралы хабарланған.

«Жедел тергеу тобы оқиға орнын тексеру барысында автокөліктің ішінен 2 дана ойыншық тапанша, бір метр темір арматура, 2 дана автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін және ер адамның қан дақтары бар көк түсті джинсы шалбарын тапты.
Сол күні аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен және 99-бабы 2-бөлігінің 7-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - деп мәлім етті Шымкент қалалық Полиция департаментінен.

Жедел іс шараларын жүргізу барысында анықталғандай, екі ер адам аталған көлікке жолаушы болып отырған. Олар көлік иесін пышақтап, Ақтас елді мекенінде орналасқан қоқыс алаңына апарып тастаған. Кейін қылмыс ізін жасыру мақсатында мәйітті өртеп жіберген.

«Күдіктілер анықталып, ұсталды, олар 1994 және 1998 жылы туған Түркістан облысының тұрғындары», - деді полициядан.



Соңғы жаңалықтар