Шымкентте дәрігерлер өкпесінің 90 пайызы қабынған жаңа босанған әйелді аман алып қалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте 17 желтоқсан күні жас босанған әйел ауыр халде перзентханадан қалалық жұқпалы аурулар орталығына ауыстырылған. Түскен кездегі жағдайы өте ауыр болған, әрі өз бетінше демала алмаған науқасты дәрігерлер жансақтау бөліміндегі өкпені жасанды желдету аппаратына қосқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Компьютерлік томография нәтижесінде науқас өкпесінің 90% зақымдалып, екіжақты пневмония екені анықталды.

Бұған қоса ПЦР сараптамасы бойынша жаңа босанған әйелде Covid-19 вирусы бар екені белгілі болады.

Науқаста тыныс жетіспеушілігінің 3-дәрежесі, айқын интоксикация синдромы, тромбоциттің төмен болуы сынды асқыну болған.

1982 жылғы әйелге дәрігерлер хаттама бойынша толық ем көрсетіп, антикоагулянтты және антибактерильді терапия бойынша көмек көрсетеді.

«Науқастың қазіргі жағдайы жақсы. Өз бетінше тыныс алуда. Тыныс алу жиілігі жақсарған. Қандағы оттегі мөлшері - 98%. Қайта жасалған компьютерлік томография қорытындысы өкпе қабынуының 30%-ға азайғанын көрсетті», - дейді қалалық жұқпалы аурулар орталығының акушерлік бөліміне жауапты дәрігер анестезиолог-реаниматолог Айжан Бейсенгирова.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары бүгінде келіншектің денсаулығы жақсарып, 29 желтоқсан күні ауруханадан шыққанын хабарлады.


Соңғы жаңалықтар