Шымкентте бір отбасының бес баласы уланып қалды

None
None
ШЫМКЕНТ.ҚазАқпарат – Шымкентте бір отбасының бес баласы бірдей уланып, ауруханаға жеткізілген. Теріскей мөлтек ауданында пәтер жалдап тұратын бұл жанұяның 8 айлық сәбиі ауруханаға жетісімен шетінеп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қайғылы жағдай бүгін таңда болған. Көпқабатты үйдің бесінші қабатында тұратын отбасының балалары жаппай құса бастаған. Артынша жедел жәрдем қызметін шақыртып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіп кеткен. Алайда бұл емдік шаралар балаларға әсер етпей, олардың жағдайы одан сайын қиындай түскен. Сегіз айлық сәби таңғы сағат 6.02-де қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыр халде, клиникалық өлім жағдайында жеткізілген. Өкінішке қарай, дәрігерлерге нәрестені аман алып қалу мүмкін болмады. Ол ауруханаға жеткізілген бойда жантәсілім еткен. Оның өзге төрт бауырын туыстары өздері қалалық гипербариялық токсикология орталығына жеткізген. Орталықтың бас дәрігері Мадина Ермағанбетованың айтуынша, екеуі ауыр халде түскен.

«13 ақпан күні таңғы сағат 7:45 туыстары 2000, 2002, 2014, 2017 жылы туған балаларды алып келді. Жастары кіші екі баланың жағдайларының ауырлығына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылып, оларға белгісіз заттардың токсикалық есебінің ауыр дәрежесі және экзотоксикалық шоктың 2-3-ші дәрежесі және тағамдық токсикоинфекция диагнозы қойылған. Қазір барлық реанимациялық көмек көрсетіліп жатыр. Барлық медициналық тексерулер тағайындалып, зертханалық сынамалар алынды. Ал, 2000 және 2002 жылы туған науқастардан зертханалық сынамалар алынып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Олар үйлеріне қайтарылып, тұрғылықты мекенжайы бойынша емхананың бақылауына алынатын болады», - дейді Мадина Ермағанбетова.

Оқиға орнына жеткен қалалық ТЖД мен «ҚазТрансГазАймақ» компаниясының мамандары газ қондырғысының иісінен уланбаған, газ жылытқышта ақау болмаған деген қортынды шығарған. Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне көршілер жақын арада сол отбасында тұратын пәтердің астындағы төртінші қабаттың адамдары тараканды улаймыз деп дәрілегенін айтқан. Олар дәріні тіпті шатырға да шашқан екен. Соның салдарынан болуы мүмкін деп жорамалдаған. Дегенмен нақты қортындыны, яғни бес баланың неден уланғанын жауапты мамандар анықтайтын болады.


Соңғы жаңалықтар