Шымкентте 200 орындық жедел госпиталь салу жоспарланып отыр

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте 200 орынды жедел госпиталь салу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айгүл Бекбауованың айтуынша, қалада 1 456 төсек орынға арналған карантиндік стационарлар қарастырылған. Дегенмен, бүгінгі күні 200 төсек-орынды жедел салынатын инфекциялық госпиталь салу қажеттілігі туындап, аталмыш мәселе қарастырылып жатыр.

«Қала бойынша қажет төсек-орындар, госпитальдар толық дайын. Нақтырақ айтқанда, қалада барлығы 680 төсек-орынға арналған провизорлық стационарлар бар. Мәселен, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында – 180 төсек, «Мейірім» оңалту орталығында - 120 төсек, «Атамекен» медициналық орталығында - 380 төсек орын дайындалған», - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова.

Айта кетейік, қазіргі таңда қалаға кіретін жолдардағы блок бекеттерде 18 жедел медициналық жәрдем бригадасы кезекшілікке қойылған. Бастапқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарынан 45 орта медициналық қызметкер үш ауысымда жұмыс істеуде. Блок бекеттердегі медициналық пункттер 52 тепловизормен, обаға қарсы 71 қорғаныс костюмімен жабдықталған.


Соңғы жаңалықтар