Шымкентке жаңадан қосылған 41 елді мекеннің жағдайымен танысып шықтым - Ерлан Айтаханов
«Қалаға жаңадан қосылған 41 елді мекенді аралап, жағдайымен танысып шықтым. Ол жердегі негізгі мәселе - инженерлік жүйелер, жол және қоғамдық көлік мәселесіне қатысты. Ауыз сумен қамту бойынша 10 елді мекен жартылай (Абдулабад, Тұрдыабад, Өтеміс, Шапрашты, Базарқақпа, Жаңаталап, Игілік, Көкбұлақ, Тәуелсіздік 20 жыл, Қызылжар), 8 елді мекен тасып ішеді (Батыс, Солтүстік саяжай, Ынтымақ-2, Ақжар, Айкөл, Асар-2, Ақтас-2, Тұран). Қаланың солтүстік бөлігін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 3 магистралды су құбырын тарту қажет. Келесі жылы Көмешбұлақ су жинақтаушынан басты магистралды су құбыры тартылып, оған 2 магистралды су құбырлары қосылады»,- дейді Ерлан Айтаханов.
Қала әкімінің сөзінше, 2020 жылы 8 тасымалмен су ішіп отырған 72 мың, жартылай қамтылған 9 елді мекендегі 38 мыңнан астам халық ауыз сумен қамтылады.
«Қаланы кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші төмен (49%), себебі магистралды жүйелермен қатар, қолданыстағы тазалау қондырғысының қуаттылығы жеткіліксіз. Қалада көп қабатты тұрғын үйлерді және шалғай елді мекендерді қамту үшін 2 су тазарту қондырғысын салу қажет. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздемелері әзірленуде. Құрылысы 3 жылдық жоспарға енгізілді. Келесі жылы, 1 магистралды және 5 елді мекенде кәріз жүйесінің құрылысын жүргізілетін болады. Осының есебінен көрсеткіш 49 пайыздан 52 пайызға жетеді»,- дейді Ерлан Айтаханов.