Шымкентке келетін туристер саны жыл санап артып келеді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласы еліміздің оңтүстік өңірлері үшін тірек туристік орталыққа айналуы мүмкін. Бұл туралы қаланың туризм басқармасына сілтеме жасап ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет тапсырмасы шым шаһарда жүйелі түрде орындалып келеді. Бүгінде көне қала туристердің ағынын қабылдай отырып, түрлі қызметтерін ұсынып келеді.

Сала мамандарының сөзінше, Шымкенттің туристік маңызы өте үлкен. Атап айтқанда, шым шаһар Ташкент, Бішкек және Қазақстанның солтүстік өңірін қосатын торап болып табылатын инфрақұрылымы дамыған ірі қала саналады. Бүгінде үшінші мегаполисте ішкі және халықаралық туристік нарықта белсенді сегменттің қалыптасуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалған.

Қалада 109 қонақ үй мен 10 саябақ, 7 мұражай мен 25 әлеуметтік-мәдени нысан, 5 театр мен 18 аквапарк және 6 табиғи су қоймасы орналасқан. Жыл сайын мұндеа келетін туристер саны өсуде. Мәселен, 2018 жылы туристер саны 178 мың адамды құраса, ағымдағы жылдың 9 айында көрсеткіш 185 мың адамнан асқан. Жыл соңына дейін келушілер саны 213 мыңнан астам туристке жетеді деп жсоспарланып отыр. Бастысы, қалаға келетін қонақтар үшін түрлі жағдайлар жасалуда. Туризм басқармасы қаланың 20 туристік көрікті орындарында 3 тілде (қазақ, орыс және ағылшын) ақпарат беретін QR-тақтайшалар орнатып, IZI travel халықаралық туристік платформасында орналасқан 3 тілде 20 нысанның аудиогидтері әзірленген.

«GIS мобильдік қосымшасында туристік нысандар мен қалалық бағыттар туралы ақпарат орналастырылған. Келесі жылы осы бағыт бойынша жұмыс жалғастырылатын болады. Басқарма тарапынан қосымша 10 QR-ақпараттық тақтайшасын орнатуды және аудиогидтерді жазуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Ескі қалашық» туралы VR, AR роликтерін әзірлеуге өтінім берілді. Роликтер туристер арасында танымалдылыққа ие болған жағдайда, бұл бағыттағы жұмыстар басқа нысандар бойынша да жүргізілетін болады»,- дейді басқарма өкілдері.

Соңғы жаңалықтар