Шымкент тұрғындарының 48 пайызы орталық кәріз жүйесін пайдалана алмай отыр

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент тұрғындарының 48 пайызы орталық кәріз жүйесін пайдалана алмай отырү Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаевтың Шымкенттегі құрылыс жұмыстарымен танысу мақсатында барған сапарында мәлім болды.

Сапар барысында вице-министр Шымкент қаласы әкімінің орынбасарлары мен жергілікті басқарма басшыларымен кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вице-министр қалада тұрғын үй құрылысының қарқыны мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалады. Десе де салада бірқатар кемшіліктер бар.

Олардың қатарында жұмыс істейтін жастарға арналған «Тұран» шағынауданында салынып жатқан 6 тұрғын үйдің мерзімінде тапсырылмауы мен 7 мемлекеттік маңызды нысан құрылысының тоқтауы (кәріз жүйелері және т.б.) сияқты мәселелер бар.

«Қалалық әкімдік бюджетті тиімді әрі сапалы жоспарлап, жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар мемлекеттік инвестиция есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарға тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет. «еQurylys» және «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйесі порталын толықтыру мен қаржыландыру мәселесін шешу мақсатында жобалық-сметалық құжаттаманы даярлауды қамтамасыз ету керек», – деді Еркебұлан Дауылбаев.

Шымкент қаласы тұрғындарын мазалап жүрген мәселенің бірі – ортақ кәріз жүйесіне қосылу деңгейінің төмендігі. Бүгінде бұл тараптағы көрсеткіш 52 пайызды құрайды. Былайша айтқанда, 48 пайыз қала тұрғыны орталық кәріз жүйесін пайдалана алмайды.

Вице-министр қоршаған ортаның ластану деңгейін азайту үшін қалалық әкімдікке тұрғындарды орталық кәріз жүйесіне қосу жұмысын жеделдетуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар