Шымкент перзентханасындағы жағдай бақылауда - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шымкент қаласындағы №1 облыстық перинаталдық орталықтың жанындағы жеке дәріхана ғимаратында болған жарылыстан кейін шұғыл шаралар атқарылып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоға сілтеме жасап.

«Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасын уақытша өңірлендіру туралы тиісті бұйрық дайындалып, облыстық клиникалық ауруханада аймақ басшысының орынбасары бастаған жұмыс штабы құрылды. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Оқиға орнына ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің басшысы барды», - деп мәлімдейді министрлік.

Сондай-ақ, медициналық қызметкерлер бригадалары ауылда перинаталдық көмек көрсету үшін аудандық ауруханаларға жіберіледі.

«Себебі, №1 ОПО 3-деңгейдегі функцияларды орындап, облыстың 7 ауданынан жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерді емдеуге жатқызуды жүзеге асырды», - деп толықтырады ведомство.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкенттегі перинаталдық орталықтың қасындағы дәрі сақтайтын екі қабатты ғимаратта жарылыс болғанын хабарладық. Перзентхана ғимараты мен тұрғын үйге зақым келіп, ондағы адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. Шымкенттегі жарылыстан күзетшімен қоса бір нәресте шетінегені мәлім болды. Мұнан соң жарылыстан үшінші адамның қайтыс болғаны хабарланды.




Соңғы жаңалықтар