Шымкент баршаға үлгі болуы тиіс - Ерлан Айтаханов

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың төрағалығымен «Шымкент - достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» жобасы аясында жыл бойына өткізілетін іс-шаралар барысы пысықталды. ТМД елдерімен мәдени байланысты нығайтуға бағытталған аталмыш шараны жоғары деңгейде өткізу жайы талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауқымды шараны ұйымдастыру тек мәдениет басқармасының міндеті емес екенін айтқан қала басшысы барлық сала жетекшілерін тиісті жұмыстарға жұмыла кірісуге нақты тапсырма берді. Қазақтың ұлттық құндылықтары мен рухани байлықтарын әлемге паш ету мүмкіндігі туып отырғанын нақтылап айтты.

«Қолға алынып жатқан жобалардың басты мақсаты – республикалық маңызы зор үшінші мегаполис – Шымкентті, оның тарихи маңызы мен мәдени мұраларын әлемге таныту және қаланың жан-жақты көркейіп, көріктенуіне, өсіп-өркендеуі жолындағы тың тынысын ашуға ықпал ету. 2020 жылы осы іс-шаралар арқылы қазақтың ұлттық құндылықтары мен рухани байлықтарын әлемге паш етуіміз керек. Сондықтан келер жылы ауқымы кең іс-шаралардың тиісті деңгейде өткізу үшін біз жұмыла еңбек етуіміз қажет. Ал осынау игі жұмыстарды атқаруда ең бірінші бізге «қайырымды қала» атауына лайық болуымыз шарт. Себебі, қайырымды болмай қайырлы істерді жүзеге асыру мүмкін емес. Шымкент баршаға үлгі болуы тиіс», - деді Ерлан Айтаханов.

Айта кетейік, 2020 жылдың сәуір айында шаһарда «Шымкент - ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Аталған шара аясында ТМД елдері өнер шеберлерінің мерекелік концерті мен «Жібек жолы» ұлттық салт-дәстүр мен заманауи қолөнер көрмесі ұйымдастырылмад. Сондай-ақ, «Шымкент - қызғалдақтар қаласы» ТМД және басқа елдерінің суретшілер және фотосуретшілер байқауы, драма театрлары, анимациялық фильмдер, опера жұлдыздарының фестивалі, Халықаралық ақындар айтысы және алғаш рет «Душа Евразии» I халықаралық эстрада әндерін орындаушылардың фестивалі, ақын-жазушылар кездесулері және басқа да 40-тан астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, қараша айында халықаралық «Содружество дебютов» жүлдесін тапсыру және «Шымкент - достастықтың мәдени астанасы» жылының салтанатты жабылу рәсімі өтеді деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар