Шымкент әкімі қалада қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға түсініктеме берді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін ақпараттық-коммуникациялар орталығында қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты брифинг өтті.

Онда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Рустам Албаев, қалалық Жедел жәрдем көрсету станциясы бас дәрігерінің орынбасары Шолпан Оспанова және жедел жәрдем дәрігері Арман Хамзин қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Брифингте сөз алған қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қаладағы эпидемиологиялық жағдай және оны қалыпқа келтіру барысындағы жұмыстар жөнінде айтты.

«Республикалық деңгейде Шымкент қаласы бойынша түрлі жаңалықтар тарап жатыр. Яғни, Қазнетте Шымкент қаласында «науқастар аурухана қақпасына жетпей қайтыс болып жатыр және науқастарға орын жоқ» деген секілді ақпараттар тарауда. Осы мәселені түсіндіріп берсем, бүгінде қалада 650 инфекциялық төсек-орын бар. Оның ішінде жұқпалы ауруханаларда -350, жаңа салынған госпитальда 200 және Атамекен провизорлы стационарында 100 орын бар. Аталған ескі жұқпалы ауруханалар ауруханасында 321 науқас жатыр, госпитальда 172 және Атамекен провизорлы стационарында 42 науқас емделуде. Ал жалпы 115 орын бос. Одан бөлек, қалада 1690 провизорлы орын бар. Оның ішінде 1315-інде науқастар ем алуда, қалғаны бос. Яғни, провизорлы орындардың 77%-ы пайызы толып тұр. Сол себепті бүгін 500 провизорлы орын ашамыз. Ал жексенбі күні -200, дүйсенбі күні 500 провизорлы орын ашылады. Сондай-ақ, 51 мекемеде 628 төсек-орындық күндізгі стационар аштық. Оның 248-і бос. Аталған күндізгі стационардағы бір орын күніне 5 адамды қабылдай алады. Ал жұмыс уақыты таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін (демалыссыз) істейді.


Айта кетейін, осы күндізгі стационарларда науқастар тіркелген емханасы бойынша тегін емделеді. Халыққа дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін емханалардың жұмысын екі есе күшейтеміз», – деді қала әкімі.

Аталған брифингте Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рустам Албаев та коронавирус инфекциясын жұқтырған 2084 науқас тіркелгенін атап өтті.

«Оның 45 пайызы – симптомсыз. Провизорлы стационарлардың төсек қоры 89 пайызға жүктелген. Ал дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар», - деді басқарма басшысы.

Брифинг соңында сөз алған қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы қазіргі кезде медицина мамандарына жүктелген міндеттің ауыр екендігін алға тартып, тынымсыз еңбек етіп жатқан мамандардың жұмысына түсіністікпен қарауға шақырды. Ең бастысы, қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты тұрғындарға сақтық шараларын қатаң ұстану қажет екендігін ескертті.

Айта кетейік, күні кеше әлеуметтік желілерде Шымкенттегі науқастардың көптігінен ауруханаларда орын жетпей жатыр деген мағынада ақпараттар тараған болатын. Жедел жәрдем қызметінің бір дәрігері ауыр жағдайда жатқан науқасты ауруханалар қабылдамай жатқанын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар