Шығыс Қазақстанның шекарадағы ауданында көпбалалы отбасыларға 31 үй салынды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 31 үй бой көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов шекара маңындағы аумақтарды дамыту бағдарламасы аясында Зайсан ауданына жұмыс сапарымен барды.

Бұл жайында ол Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды.

«Бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды және облыстық жобаларды іске асыруда бұл аудан көш басында тұр. Жергілікті халықтың 80 пайыздан астамы вакцина салдырған. Іс-сапар барысында жаңа Арбат пен аллеяға барып, белгілі археолог-ғалым Әбдеш Төлеубаевпен бірлесіп бірнеше көшет отырғыздық. Аудан «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша өңірде ең алдыңғы орында. Мұнда 31 екі пәтерлі үй салынды, оған жақын арада көпбалалы отбасылар қоныс аудармақ», - деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар биыл 60 пәтерлі бесқабатты үй пайдалануға беріледі. Осыған орай ауданға қанша мұғалім, дәрігер жетіспейтіні есептеліп, оларға осы үйден пәтер бөлінбек.

«Қысқа мерзімде жөндеуден өткен Зайсан аудандық ауруханасының филиалына бардым. Қазір мұнда пациенттерге арналған 19 палата бар. Ауруханада инфекциялық стационар да өз жұмысын бастайды. Алдағы уақытта аудан басшылығы қандай медициналық мекемелер ағымдағы немесе күрделі жөндеу мен жабдықтарға мұқтаж екендігі туралы деректерді ұсынуы тиіс», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар